Шымкент қаласында қоғамдық көлік жүйесін дамытуға бағытталған тағы бір маңызды қадам жасалды. Бүгін қала әкімі Абыт Сыздықбеков қоғамдық көлік паркінде болып, ертеңнен бастап №146 және №150 бағыттарға қатынайтын 30 жаңа автобусты қарап шықты.
Қарағанды қаласындағы «Qaz Tehna» ЖШС зауытында өндірілген заманауи «Yutong» маркалы автобустар халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Әрбір автобус 85 жолаушыға арналған, онда қауіпсіздік пен қолайлылықты қамтамасыз ететін заманауи жүйелер орнатылған. Бұл жаңа көліктер мегаполистегі қоғамдық тасымал қызметінің сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосады.
Айта кетейік, қалада жолаушылар тасымалымен жаңа ғана жұмысын бастаған «Bozjorga Bus» ЖШС көлік компаниясы айналысатын болады. Жаңа операторлардың нарыққа шығуы саладағы бәсекелестікті күшейтіп, қызмет көрсету сапасын жақсартуға жол ашады. Нәтижесінде қала тұрғындары үшін көліктің қолжетімділігі мен сенімділігі артады.
Қала әкімі автобустардың техникалық жағдайымен таныса отырып, тиісті басқармаға бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, автобустарда Абай Құнанбаевтың қара сөздері мен күйлерін дыбыспен беру, сондай-ақ аялдамалар мен жолақы төлеу тәртібі туралы хабарламаларды қамтамасыз ету жүктелді. Бұл шешім жолаушыларға жайлы орта қалыптастырып қана қоймай, қоғамдық көлікті мәдени-танымдық алаңға айналдыруға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласының әкімдігі қоғамдық көлік жүйесін жетілдіруді өз жұмысының басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап отыр. Соңғы жылдары мегаполисте көлік паркін жаңарту бағытында бірқатар нақты шаралар қабылданды. Жаңа автобустардың келуі экологиялық тұрғыдан да тиімді болмақ, себебі олар заманауи стандарттарға сәйкес жасалып, қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды аз бөледі.
Мегаполис басшысы қоғамдық көлікті дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі жалғасатынын атап өтті. Қала тұрғындары үшін қолжетімділік, жайлылық, қауіпсіздік және жоғары қызмет көрсету стандарттары басты бағдар болып қала бермек. Бұл бағыттағы кешенді шаралар нәтижесінде қоғамдық көлік саласында сапалы өзгерістер орын алып, Шымкенттегі жолаушылардың күнделікті тұрмысы анағұрлым жеңілдей түспек.
Жаңа автобустардың іске қосылуы қала тұрғындарының ұзақ күткен қуанышы болды. Заманауи, ыңғайлы әрі қауіпсіз көліктердің жолға шығуы – мегаполис дамуының, тұрғындарға жасалып отырған қамқорлықтың нақты көрінісі.