Қаратау ауданында спорт пен демалыс инфрақұрылымы дамуда

спорт пен демалыс

Қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру – Шымкент әкімдігінің негізгі басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта қала аумағында, оның ішінде Қаратау ауданында демалыс және спорт инфрақұрылымдарын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның бір айғағы – Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта жаңа ойын және спорт алаңшаларының орнатылуы.

Қала әкімінің бастамасымен және BI Group компаниясының демеушілігімен қолға алынған бұл жоба – тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігі. Дендрологиялық саябақтың бірнеше аймағында балаларға арналған ойын алаңдары мен ересектерге арналған спорттық тренажерлер кешені орнатылып жатыр. Мұндай құрылымдар қала тұрғындарының белсенді өмір салтын ұстануына, салауатты орта қалыптастыруына мол мүмкіндік береді.

Қаратау ауданы соңғы жылдары халық тығыз орналасқан, қарқынды дамып келе жатқан ауданға айналды. Мұнда көпқабатты тұрғын үйлер, жаңа шағынаудандар салынып, халық саны күн санап өсіп келеді. Сондықтан демалыс пен спорт инфрақұрылымын дамыту – уақыт талабы. Қаратау тұрғындарының саябақтарға, ашық алаңдар мен жаттығу құрылғыларына деген сұранысы күн санап артып келеді. Аталған бастамалар – осы сұранысты қанағаттандыру жолындағы нақты қадам.

Сондай-ақ, жаңа орнатылған алаңшаларда қауіпсіздік пен қолайлылық басты назарда. Жабдықтардың сапасы, балаларға бейімделуі, айналаның көгалдандырылуы және жарықтандыру жүйесі толықтай ескерілген. Мұндай кешендер – тек спортпен шұғылдану немесе балалардың ойнауына арналған орын ғана емес, отбасылық серуен мен әлеуметтік байланыс орнататын мәдени ортаға айналып отыр.

Қорытындылай келе, Қаратау ауданында қолға алынған бұл игі бастама – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Алдағы уақытта мұндай жобалар саны артып, Қаратау тұрғындары үшін қауіпсіз, заманауи және жайлы инфрақұрылым кеңейе түсетініне сенім мол.