Жуырда Арыс аудандық сотында қарыз ақшаны өндіруге байланысты азаматтық іс қаралды деп хабарлайды Арыс аудан сотының баспасөз қызметі.
Мәселенің мәні осы қарыз ақшаның негізгі сомасына қатысты. Өйткені талап қоюшы К.У. арызында жауапкер Н.О.-ның өзінен 11 млн 200 теңге ақшаны қарызға алып, қайтармай жүргенін айтып, сотқа арызданған. Алайда жауапкер талап қоюшының сөзімен келіспей, тек 1 млн 200 мың теңге алып, қолхатты да сол көлемдегі ақшаға жазғанын айтып, ақталды.
Сот азаматтық істі жан-жақты сараптай келе, жауапкермен жазылған қолхатқа сот-қолтаңба сараптамасын тағайындады. Сараптама қорытындысына сәйкес қолхат мәтініне өзгеріс енгені, яғни 1млн 200 мың деп жазылған сандық және жазбаша мәтінге қосымша 1 саны цифрмен және он саны жазбаша қосылғаны анықталды.
Оңай жерден олжалы болуды көздеген талап қоюшының бұл әрекеті іске аспады. Тіпті сот талқылауында да өз жауабын өзгерткен жоқ. Тек тағайындалған сараптама қорытындысы ғана қолхаттың мәтіні өзгертілгенін анықтап, талап қоюшының ірі сомада пайда таппақ қулығын әшкере етті.
Сот талап қоюшының қарызды өндіру бойынша арызын ішінара қанағаттандырып, жауапкерден 1млн 200 мың теңге өндіруге шешім қабылдады.