Қаратау ауданында тазалық сақтау мен қоршаған ортаны қорғау мәселесі күн тәртібінен түспейді. Алайда, соңғы уақытта кейбір тұрғындардың қоқысты көрінген жерге тастау деректері жиілеп барады. Бұл әрекет тек эстетикалық келбетке нұқсан келтіріп қана қоймай, экологиялық тепе-теңдікке, тұрғындардың денсаулығына да кері әсерін тигізеді.
Аудан әкімдігі мен коммуналдық қызмет мамандары күн сайын көшелерді, аулаларды және қоғамдық аймақтарды тазалау жұмыстарын жүргізіп келеді. Дегенмен, кейбір тұрғындардың жауапсыздығының салдарынан тазалық ұзақ сақталмай, тұрмыстық қалдықтар қайта жиналып қалады. Пластик бөтелкелер, тамақ қалдықтары, қағаздар мен басқа да қоқыстар желмен ұшып, арықтар мен жасыл аймақтарға жиналып, экологиялық және санитарлық жағдайды нашарлатады.
Қаратау ауданы әкімдігі тұрғындарға қаланың тазалығы — әр азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігінің айғағы екенін еске салады. Тазалықты сақтау тек коммуналдық қызметтің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әркім өз үйінің, ауласының, көшесінің тазалығына үлес қосса ғана аудан таза әрі жайлы өмір сүруге қолайлы ортаға айналады.
Коммуналдық қызмет өкілдері арнайы қоқыс жәшіктері мен контейнерлердің жеткілікті мөлшерде орнатылғанын айтады. Сондықтан қоқысты ретсіз тастауға ешқандай себеп жоқ. Қоқыс тастау ережесін бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қарастырылған. Бұл ретте экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Аудан аумағында “Таза қала — ортақ міндет!” ұранымен сенбіліктер мен экологиялық акциялар жиі ұйымдастырылады. Мұндай іс-шаралар тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, ұжымдық тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Қаратау аудан әкімдігі барлық тұрғындарды өз үйі мен көшесінің тазалығына бейжай қарамауға шақырады. Қоқысты көрінген жерге тастамау — бұл тек қарапайым тәртіп емес, туған қаламызға деген құрметтің белгісі.
