«Халықтың алғысынан» артық құрмет жоқ

құрмет

Тамыз айының алғашқы жексенбісі – Көлік қызметкерлерінің төл мерекесі. Алысты жақын етіп, аманатқа сызат түсірмей еңбек етіп жүрген көлік қызметкерлерін еңбегін ешкім тәппіштемесе де бесенеден белгілі. Мезгілдің ыстығы мен суығына, уақыттың күні мен түніне қарамай, еселі еңбектің көркін қыздырып жүрген аталмыш сала қызметкерлерінің ел экономикасын еселеуге қосар үлесі зор. Бұл сала темірдей тәртіпті, жоғары жауапкершілікті талап ететін күрделі кәсіп. Осындағы жүктелген міндетті мінсіз, тапсырманы тиянақты орындап жүрген көлік қызметкерлері қандай мақтауға болса да лайықты. Кәсібіне деген адалдығымен көзге түскен азаматтардың бірі- Атымтай Жұмаділұлы. Төлеби ауданының  тұрғыны жастайынан жүк көліктерінің түр-түрін тізгіндеген.  Қазіргі таңда №171 қоғамдық көлігінің жүргізушісі. 40 жыл бойы жол-көлік саласында жұмыс істейтін ол талай рет таңдаған мамандығының ыстығына күйіп, суығына тоңған. Қара жолдың әрбір үтір-нүктесін жатқа білетін ол бұл саланың жауапкершілігі  жоғары екендігін айтады.

– Көрер көзге жеңіл көрінгенімен, бұл нағыз еңбекті, шыдамдылықты талап ететін жұмыс. Қалаға алыс орналасқандықтан таңғы 4 те тұрып, жұмысқа келемін. Өйткені,  6:25 -те автобус жолаушы тасымалдауға сақадай сай болып тұруы тиіс. Сонымен, қаланың тіршілігі басталады. Күніне қаншама адам қоғамдық көлікпен қатынайды. Барлығының аман-есен діттеген жеріне жетуі жүргізушілердің мойнында. Сол үшін барлығы бақылауда болады. Жүргізушілерге алдын ала график беріледі. Сол бойынша жүреміз. Ал, жұмыс уақыты 20:30 да аяқталады. Автопаркке қойылғаннан кейін, техникаға жауаптылар тексеріс жүргізеді. Бұзылғаны, жағармайы таусылғаны болса кем-кетіктердің орнын толтырады. Ал, таңертең қайтадан осы жұмыс басталады,-дейді Атымтай Жұмаділұлы.

Көлік қатынасы – кез келген мемлекетте үлкен маңызға ие. Ол жолаушылар мен жүкті тасымалдап қана қоймай, елдің экономикасына да пайдасын тигізеді. Бұдан бөлек айшылық алыс жерді жақындататын қасиеті баршаға мәлім. Кез-келген мамандықтың өзіне тән қыр-сыры болары анық. Бастысы, әр адам өз саласының шын шебері болуға ұмтылса игі. Ал, өз ісін жетік білетін Атымтай ағаның мамандығына деген махаббаты ерекше. Ол жұмысына бар ынта-ықыласымен беріліп, міндетін ұқыптылықпен атқарады. Нәтижесінде ұжымында сый-құрметтен кенде емес. Дегенмен, атына заты сай Атымтайдай азамат үшін қоғамдық көлікке мінетін «Халықтың алғысынан» артық құрмет жоқ.