Әрбір адамның өмірде толыққанды тұлға болып қалыптасуында құқықтық тәрбиенің алар орны ерекше. Тәрбиенің сан қырын қарастырсақ та құқықтық тәрбие, құқықтық сауаттылық көш ілгері болмақ. Қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе бүгінде көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылуда. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз. Жасөспірімдердің қылмыс жасауының себептерін қарастырар болсақ, ол кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс бос уақыттарында немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан орын алады. «Ел болам десең — бесігіңді түзе» деп дана халқымыз айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №74 жалпы орта білім беретін мектебінде ұлдарға «Құқық бұзушылық түсінігі мен түрлері» тақырыбында жиналыс өткізілді. Жиналысқа мектеп директоры Н.Исакова қатысып, ұлдармен атқарылатын жұмыстарға баса назар аударуды және балаларға құықбұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ұлдар ұйымының жетекшісі — Н.Сапарбеков мектептің ішкі ережесімен таныстырып, осы ережені бұзбауды атап көрсетті. Дене шынықтыру пәні мұғалімі — Б.Умаров қатысып, балаларға құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиын соңында мектептегі ұлдар арасынан төраға сайланып, жоспармен таныстырылды. Жиында құқық бұзушылық пен әлімжеттік және нашақорлық туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді