Шымкент қаласында қорғаншылықтағы әрекетке қабілетсіз азаматтардың құқығын қорғау мәселесі бойынша құқықтық кеңес беру күні өтті. Іс-шараны қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қаладағы өкілі ұйымдастырды.
Жиында 18 жасқа толған психоневрологиялық ауруы бар жандарға қорғаншылық тағайындау мәселесі сөз болды. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қорғаншылық немесе қамқоршылық белгілеу және құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі бөлім басшысы Гүлжазира Қасымова баяндама жасап, кәмелеттік жасқа толған әрекетке қабілетсіз жандарды қорғау жөнінде тарқатып айтты.
–Соттың шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі 18 жасқа толған адамдарға қатысты қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жүзеге асырады. Олардың заңды мүдделерін қорғау, мүліктік және мүліктік емес қатынастарын реттеу, қорғаншы мен қамқоршылардың өз міндеттерін атқаруда жауапкершілігін қарау бойынша жұмыстарына бақылау жасайды. Ол үшін ең алдымен психоневрологиялық ауруы бар азаматтың жақын туыстары сотқа талап арызбен жүгінеді. 18 жасқа дейін науқасқа ата-анасы қамқор болса, кәмелеттік жасқа толғаннан соң соттың шешімімен «әрекетке қабілетсіз» деп танылғаннан кейін біздің басқарма тарапынан оған жақын туыстарын қорғаншы етіп тағайындаймыз, жақын туыстары жоқ болған жағдайда заң талаптарына сәйкес басқармаға арнаулы әлеуметтік мекемелерге орналастырылады. Яғни, коммуналдық мемлекеттік мекеме ол адамды өз қорғаншылығына алады — деді Г. Қасымова.
Бүгінгі іс-шараға Әділет департаменті, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ қалалық филиалы, білім мен денсаулық сақтау басқармасы және адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент бойынша өкілі қатысып, тұрғындар толғандырған сұрақтарға жауап берді.