Аудандық білім беру бөліміне қарасты №67 Көмешбұлақ жалпы білім беретін мектебінің директоры Д.Зәлиева «Ұлттық құндылық – ұрпақ игілігі» жобасы бойынша іс-тәжірибесін онлайн-конференциясы арқылы бөлісті.
Жобаның мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық сусындардың пайдасын анықтау арқылы маңыздылығын көрсету. Ұлттық сусындарды бренд ретінде әлемдік нарыққа шығару қажеттілігін түсіндіру.
Бөлімнің «Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын арттыру: мақсат, функционалдық сауаттылық, патриотизм» тақырыбындағы онкүндік жоспарына сай ұйымдастырылып өтті.
Аталған конференцияға тәрбие ісіне жауапты бөлім әдіскерлері, мектеп директорлары және орынбасарлары қатысты.
Алдымен аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Г.Нұртанова жобаның тиімділігі жайында сөз сөйледі.
Келесі кезекте Демегүл Темірбекқызы қазақтың ұлттық тағамдары мен киімдері арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау, қатысушыларға ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында жүргізіліп жатқан шығармашылық жұмысы бойынша шебер сынып көрсетті. Өз сөзінде шебер сыныптың мақсаты мен жоспары туралы қысқаша түсіндірді.
Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды. Міне, сондықтан Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар негізгі міндеттерге тоқталған болатын. «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізілді. 2023-2025 оқу жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылуда. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған, — деді.
Бүгінгі күнде халық көп пайдаланатын және адам ағзасына зиянды энергетикалық сусындарды күнделікті өмірде пайдаланбай, оның орнын сүт, қымыз, шұбат, айран тағы басқа ағарған сусындармен алмастырудың керектігін жеткізді.
Аталмыш жоба қолға алынып, әр аптаның жұма күні «Ұлттық тағамдар күні» деп белгіленді. Мектеп асханасында оқушыларға ата-аналардың қолдауымен ұлттық тағамдар мен пайдалы сусындар тұрақты берілуде.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы педагогикалық кеңесте қаралып, әрбір пән мұғалімдері сабақтарының бір элементіне қосуды дағдыға айналдырған.
Әрбір құндылық оқу процесінде жүйелі түрде көрінеді. Әр ай тұлғаны қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды қамтиды.
Ай сайын дәйек сөздер мектептің кіреберісінде, ал апта сайын дәйек сөздер оқу кабинеттерінде арнайы бұрышта ілінеді.
«Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» үзіліс кезінде білім алушылардың бос уақытын ойын түрінде ұйымдастыру мақсатында мектептің үзіліс кезінде ұйымдастырылып отырады. Атап айтқанда, асық, тоғызқұмалақ, бес тас секілді ойындар.
Оқу аптасының басында бірінші сабақта оқушылар Қазақстан Республикасының Гимнін орындайды.
«Қауіпсіздік сабағы» тақырыбында жол қозғалысы ережелері, өмір қауіпсіздігі негіздерін зерделеу, оқушылардың жеке қауіпсіздігі, қауіпсіз мінез-құлқын сақтауы секілді бірнеше тақырыпта сынып сағаты шеңберінде 10 минут ақпарат беріліп, сабақ өткізіледі.
Мұнан кейін жобаның маңыздылығы талқыланып, қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды.