Әйел бейнесі – қоғам бейнесі» тақырыбында форум өтті

Әйел бейнесі

Әйелдердің қоғамдағы рөлін дамыту гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және қоғамның жалпы прогресін қолдау үшін маңызды. Осыған орай  Шымкент қаласының  Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша «Алтын Орда» ҚҚҚ «Әйел. Қоғам. Саясат» жобасы аясында «Әйел бейнесі – қоғам бейнесі» тақырыбында әйелдер форумы өтті.

Форумның мақсаты — қоғамдағы әйелдердің рөлі мен олардың өмірдің түрлі салаларына қосқан үлесін терең түсіну және бағалау. Әйелдердің қоғамдағы орнын көрсету, білім алу, кәсіпкерлік, саясат, ғылым, және өнер салаларында белсенді болуын қолдау арқылы жалпы қоғамның прогресін қамтамасыз ету және оларға қолдау көрсетудің маңыздылығын түсіндіру. Кешегі қазақ әйелінің даналығы арқылы қазіргі заман әйелінің бейнесін ашып, болашақ қазақ әйелінің болмысын қалыптастыруға серпін беру.

Форумға «Перзент» балалар үйінің басшысы Әмина Қажы Әжібаева, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Қоғам қайраткері, «Игілік» журналының бас редакторы Меруерт Айтенова, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, №23 мектеп лицейдің директоры Тойлыбаева Жанар Жорақызы және 17-23 жас аралығындағы студент жастар қатысты.

Аталмыш форум жаңа бастамаларды, әйелдердің қоғам өміріндегі рөлін арттыруға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, жеке өсуі үшін жағдай жасауға арналған жалпы тәсілдерді әзірлеу үшін диалог алаңы болды. Мәселенің түйткілін көтеру мақсатында Меруерт Айтенова өзінің өмірлік тәжірибесінен әйелдерге қатысты біршама ойларымен бөлісіп, олардың қоғамдағы рөлін қайта қарастырудың маңыздылығын атап өтті. Ол әйелдерге қатысты стереотиптерді бұзудың және олардың құқықтары мен еркіндіктерін кеңейтудің қажеттілігін алға тартты.

Ал, Әмина қажы әйелдердің кәсіби және жеке өміріндегі табыстарын шектейтін ескірген көзқарастардан арылудың маңыздылығын жиі атап өтті. Сонымен қатар, әйелдердің ішкі әлеуетін ашып, оларды өз армандарына ұмтылуға шабыттандыруға шақырды.

Жиынның соңында оқырмандар мен қонақтар арасында сұрақ-жауап сессиясы өтті. Қатысушылар қозғалған мәселелер мен негізігі тақырыпқа қатысты сұрақтар қойып, ой бөлісті. Бірқатар оқырмандар әйелдер құқығы, гендерлік теңдік және қоғамдағы стереотиптер туралы пікірлерге ерекше қызығушылық танытты.