БАҚ өкілдерін дін саласындағы журналистикаға оқытуда

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дін саласында маманданған журналистер үшін оқыту курстарын өткізуде деп хабарлайды ҚР АҚДМ Баспасөз орталығы.

Курстың ашылуында ҚР Президентінің саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Қарин алғы сөз сөйледі. «Халифат сарбаздары: аңыздар мен шындық» кітабының авторы Ерлан Қарин мұндай курстың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның халықаралық қатынастар мен ұлттық қауіпсіздікті сақтаудағы стратегиялары жөнінде айтып берді.

Сонымен бірге курс спикерлерінің қатарында «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессор-оқытушылар құрамының, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері сөз сөйлейді.

Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы бес күндік курсқа қатысушыларға БАҚ-та діни тақырыптарды жария ету, діни сенім бостандығына құқық, діни сауаттылық, діни мәселелерді жария етудегі журналистердің қауіпсіздігі, рухани құндылықтарды тәрбиелеудегі БАҚ-тың рөлі және басқа да өзекті мәселелер туралы түсіндірілетіндігін айтты.

Оқыту курстары онлайн форматта Zoom-платформасында ағымдағы жылдың 30 сәуіріне дейін өтетін болады. Тікелей көрсетілім Еуразия ұлттық университетінің ресми YouTube-арнасында https://www.youtu.be./_-MH6_7zjXI қолжетімді.

Еске сала кетейік, Курс ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында 2020 жылы жасалған Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру шеңберінде өткізілуде.