БАҚ өкілдеріне құрмет көрсетілді

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен «Alma-TAU» спорттық-сауықтыру кешенінде құттықтау шарасы ұйымдастырылды. Оған өңірдегі БАҚ саласының ардагерлері, мамандары, басқармалар мен аудан және қала әкімдіктерінің баспасөз хатшылары, сондай-ақ әлеуметтік желі белсенділері арнайы шақырылып, қатысты.

— Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Баспасөзбен тығыз байланыстың нәтижесінде атқарушы билік органдарының қызметі туралы облыс тұрғындарына жедел ақпараттар жетуде. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Тарих үшін қас-қағым сәтте аймақта ауқымды жұмыс атқарылды. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс халқымен кездесіп, Түркістанның дамуына оң бағасын берді. Ал биыл Түркістанда Құрылтай өткізіп, маңызды міндеттер жүктеді. Түркістанның тарихи рөліне тоқталды. Ұлт болып ұйысуға, өңіріміздің қоғамдық-саяси ахуалын бекемдеуге, Мемлекет басшысының реформалары мен тапсырмаларын жүзеге асыруға қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Жазарларыңыз көп, қаламдарыңыз қуатты, сөздеріңіз өтімді, еңбектеріңіз жемісті болсын!, — деді облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы.

Мерекелік жиында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев құттықтау сөзін арнады. ҚР Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай БАҚ саласының дамуына еңбегі сіңген бірқатар азаматқа арнайы марапат пен төсбелгіні табыстады.

«Ontustik Qazaqstan» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Нұрлан Кенжеғұлов және «Рейтинг» газетінің тілшісі Еркін Досымбай, «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына ие болды. «Ontustik Qazaqstan» газетінің тілшісі Серікқали Жексенбай «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. «Кентау шұғыласы» ЖШС-нің директоры Қайрат Зайнишев пен «Turkistan» телеарнасына Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасы тапсырылды.

Шара концерттік бағдарламаға ұласып, Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының әртістері және вокалды-инструменталды «Бархан» ансамблі әннен шашу шашты.