«Шымкент өнімдері» көрмесі өтті

Экономиканы әртараптандырып, өндірілетін тауарлардың түрлерін көбейтіп, экспорт географиясы кеңейту жұмыстарының нәтижесінде Шымкент ірі өндірістік орталық ретінде қалыптасты.

Бүгін Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында «Шымкент өнімдері» атты көрме өтіп жатыр. Онда жергілікті тауар өндірушілер өздері шығаратын өнім түрлерін қала тұрғындары мен қонақтарына таныстыруда.

Көрмеге қала экономикасының тірегі саналатын өнеркәсіп саласындағы жетекші кәсіпорындар мен қатар шағын өндіріс орындары, барлығы 100-ге жуық компания қатысып жатыр.

Көрмеге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы келіп, кәсіпорындар шығаратын өнім түрлерімен танысты. Шаһар басшысы жеңіл өнеркәсіп кілем, тоқыма өнімдері, киім мен аяқ киімнен бастап, өндірістік қондырғылар, құрылыс заттары, тұрмыстық химия және тамақ өнімдерге дейін танысып, тауар өндірушілермен пікір алмасты.

Мегаполисте жұмыс істеп тұрған екі мыңға жуық өнеркәсіп бар, оның 69 ірі және орта өндіріс ошақтарына жатады. Қаладағы кәсіпорындардың 80% өңдеуші өнеркәсіпті дамытуда. Көрмеге қойылғандардың арасында «Рахат-Шымкент» ЖШС, «ВИЗиТ» ЖШС, «Бал Текстиль» ЖШС, «Шымкент-Кашемир» ЖШС, «КазИталКожа» ЖШС, «Medcomfort», «Viva Mebel» ЖШС, «ECOPHARM Family Group» ЖШС, «Вакуматик» ЖШС, «Спектр», «Danico» тігін цехы, «Amanat Eco Group» ЖШС және басқа қаланың танымал компаниялары да бар.

Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өзімізден шығатын өнімдер көрмесі тұрақты түрде өтетін болады. Ондағы мақсат — дайын өнімдерді өткізу нарығын кеңейту мүмкіндіктерін қарастыру, жергілікті тауар өндірушілерін қолдау, оларды халыққа кеңінен таныстыру, экспортқа бейімделген тауар түрлерін ілгерілетуге мүмкіндіктер ашу, шығарылған өнімдердің СТ-KZ отандық сапа стандарты талаптарына сай болуына ықпал ету, іскерлік байланыстарды арттыру.

Айта кетейік, Тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласының экономикасы едәуір түрленді. Мегаполисте құрылыс индустриясы, машина жасау, мұнай-химия, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі, текстиль өнеркәсібі, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және басқа да өндірістік салалар қалыптасты.