Нашақорлық — қоғамның қауіпті індеті

қауіпті

Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының 1987 жылғы шешімімен 26-маусым — Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні ретінде белгіленген.

Шымкент қаласында оқу жылының соңында студенттерге есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары туралы ескертілді. Оқу жылының аяқталуына орай, «Халықаралық балаларды қорғау күні» және «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында шымкенттік полицейлер тағы да студенттермен кездесіп, оларға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары және нашақорлықтан аулақ болудың маңыздылығы туралы ескертті.

Полицейлермен бірге аталған іс-шараға «Психикалық денсаулық орталығының» нарколог-дәрігері, «Жастар ресурстық орталығының» маманы қатысты. Бұл жолы олар «Шымкент медресе колледжіне» барып, нашақорлықтың, психикалық белсенді заттарды қолданудың алдын алу мақсатында студенттермен арнайы кездесу өткізді. Шымкент қаласының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, жаңа психоавтивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті. Сонымен қатар, интернет-дүкендердің әкімшісі болу және есірткі жасыруға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгені туралы ескертті. Іс-шара соңында студенттер көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойып, кеңінен жауап алып, өзара еркін пікір алмасты.

Есірткінің заңсыз таралуымен күрестің, не оның айналымын қалай да бақылау әрекеттерінің жасалып келе жатқанына 95 жыл болды. 1909 жылдың ақпанында 13 елдің қатысуымен өткен Шанхай опиумдық комиссиясы Азия елдерінен есірткінің жеткізілуіне шектеу қою жолдарын іздеп-табуға тырысты. Бүгін де, бір ғасыр дерлік уақыт өткеннен кейін бұл түйіткілдің шешілуінің көкжиегі әлі де алыста. Проблема тек ушыға түсті. Шегуге арналған опиумның орнына  қантамырға енгізілетін «ауыр» есірткілер келді, нашақорлық барған сайын тамырлана түсуде, нашақорлық жастар арасында белең алып келеді.

Шара барысында есірткіні қолданудың зияндылығы туралы айтып, бұл проблеманың қоғамда бар екендігін мойындауға және оның шешілуіне өзіңнің жауапкершілігіңді сезінуге аса назар аударады. Есірткіні пайдалануға қарсы күрестің ең тиімді әдісі ретінде ата-ананың тарапынан өз балаларына деген қамқорлық пен ұдайы көңіл бөлу саналады.