«Біздің полиция» — Азамат Мырзахметов

Анықтау қызметі полициядағы жауапкершілігі жоғары жұмыс болып табылады. Орын алған қылмысқа байланысты барлық материалды жинап, куәгерлер мен жәбірленушілерден сұрастырып, ең бастысы күдіктіні айнытпай анықтауы тиіс. Заң арқылы жауапқа тартылуын қадағалау үшін заңгер де, психолог та, сарапшы да бола білу қажет-ақ. Бүгінгі кейіпкеріміз осы сынды қырағы қасиеттерді бойына тоғыстырған сала үздігі, Шымкент ҚПД Абай АПБ анықтаушысы полиция лейтенанты — Азамат Мырзахметов. Жас полицей Қарағанды қаласындағы Б.Бейсенов атындағы Заң академиясын бітірген. Жоғары білім алған ол жастайынан құқыққорғау саласында еңбек етуді мақсат еткен. Қазіргі кезде Абай АПБ-да анықтаушы қызметіндегі Азаматты заманға сай жас буынның, жаңаша идеяның бастамашысы ретінде тануға әбден болады. «Бала кезімнен полиция мамандығын құрмет тұттым. Армандадым. Өзіме қалайда полиция қызметкері боламын деген мақсат қойдым. Біздің әулетте ешкім құқыққорғау органында жұмыс істемеген. Әулетіміздің ішінен мен ғана осы саланы таңдағанмын. Сондықтан, сүйікті ісіме барынша көңіл бөліп, ешқандай тірлікті ертеңге қалдырмауға тырысамын. Бос уақытымда өлең жазып, кітап оқығанды жақсы көремін», — дейді полиция лейтенанты. Айта өтетін ақпарат, аса қажетті айғақтарды табу арқылы қылмыскерлерді ізін суытпай ұстайтын анықтаушы күрделі мамандықтар санатында. Дегенмен, әрбір анықтаушының адал да жанкешті еңбегі құқықтық тәртіпті нығайту мен заңды орындауға бағытталған. Анықтау — бұл сотқа дейінгі іс-әрекеттерге жататын, ҚР Қылмыстық кодексінде белгіленген әрекеттердің негізгісі. Ал оны атқарып, жүзеге асыратын — анықтаушы. Анықтаушы өз кезегінде ҚР заңдарына сүйене отырып қылмысты, қылмысты жасаған адамдарды анықтайды. Ұрлық, алаяқтық, жол-көлік оқиғасы бойынша денсаулығына орташа деңгейдегі зиян келген оқиға секілді қылмыстарды ашумен, анықтаумен айналысады. Осыны ерекше ескерген тәртіп сақшысының өз қызметіне деген жауапкершілігі күн санап артып жатқаны қуантады. Дана халқымыз «Жас келсе іске» деген. Сондықтан да Азамат Күнтуғанұлы бойындағы бар жігерін, отаншылдығы мен парасаттылығын, қабілет пен біліктілігін сүйген мамандығында қолданып, еліне деген адал қызмет етуді жалғастырады деген сенім мол.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі