Абай ауданында жауын-шашын маусымында су басу қауіпі бар 18 орын анықталып, 2022-2025 жылдарға ирригациялық жүйе салу жоспары бекітілген. Алғашқы кезеңде 5 орындағы 1,7 шақырым болған арық салынса, екінші кезең үшін 9 орынға ирригациялық жүйе салуға қаржы қаралып, мердігер тарапынан жұмыстар басталып кеткен. Бұл жайында Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингтеі Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов мәлімдеді.
Ауданда 1274 көшенің 185-інде 144,2 шақырымды құрайтын ирригациялық жүйесі бар. Былтыр жауын-шашын кезінде көлшік су жиналмауы үшін 11,4 шақырымды 21 көшеге арық салынған. Ал, биыл 5,5 шақырымды 14 көшеге суағар салу құрылысы жоспарланып отыр.
–Қазір қаламызда жауын-шашын маусымы. Жаңбырдың жиналған суы тұрғындар мен көлік қозғалысына кері әсерін тигізбеу үшін көлшік болатын орындар қатаң бақылауға алынған. Арнайы мобильді топ су жинала бастағаннан техниканың көмегімен тартып алу жұмысын жүргізеді, — деді Бұхарбай Рысқұлұлы.
Жалпы, Абай ауданының аумағы 24 мың гектар, халық саны – 257,7 мың адам. Ауданда 27 шағынаудан мен елді мекен, 205 көпқабатты үй және 230 әлеуметтік нысан орналасқан. Ауданда 26 елді мекен ауыз сумен, 25 елді мекен сапалы жарықпен және 23 елді мекен табиғи газбен қамтылған.
Ауыз суы кезектпен берілетін Қайнарбұлақ тұрғын алабының жаңақұрылыс аумағына құбыр тарту құрылысы 2022 жылы басталып, қазір жұмыстың 95 пайызы орындалған. Аудан әкімі жыл соңына дейін толық пайдалануға берілетінін айтты.
Аудандағы Асар-2 шағынауданы халқының 30 пайызы жарықты жекеменшік трансформатордан алып отыр. Қазір бұл аумақта мердігер мекеме» Эектромонтаж» ЖШС тарапынан желі жеткізу құрылысы жүргізіліп жатыр. Жұмыстың аяқталуы 2024 жылдың ІІ тоқсанына жоспарланған. Ал, Қайнарбұлақ тұрғын алабында электр желісін тарту құрылысы аяқталып, бүгінде жеке сектордағы үйлерге жаңа жүйені қосу жұмысы жүргізілуде.
Табиғи газбен қамтылмаған Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен саяжайында биыл құбыр тарту құрылысының алғашқы кезеңі атқарылды. Алдағы 2024 жылы жүргізілетін құрылыстың екінші кезеңіне бюджеттік өтінім беріліп, тисті қаржы бөлініпті. Б.Парманов келер жылы екі елді мекен көгілдір отынның игілігін көретінін жеткізді.
–Ынтымақ-2 шағынауданы мен Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабында да 2024 жылы газ құбырын тарту құрылысы қызу жүргізіледі. Ынтымақ -2-де қазір құрылыстың 17 пайызы орындалып қойды. Ал, тұрғын алабқа табиғи газ жеткізу мақсатында жобалық-сметалық құжаты дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Алдағы жыл ауданымызда табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді, — деді аудан әкімі.