Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бәсекеге қабілетті мемлекет болып қалыптасады.
Жастайынан еңбекке еті үйренген Салманова Бузейнап өмірдегі бар қиындықты адал еңбегімен еңсеріп келеді. Кейіпкеріміз бүгінде Қаратау ауданы әкімдігі жанындағы коммуналдық мемлекеттік мекемеде қарапайым қызметті шын жүрегімен атқаратын қызметкер. Өзінің мүгедектігіне қарамастан жұмыстан еш қашқан емес.
–Он жасымнан бастап еңбекке араластым. Жастайымнан бір көзім әлсіз болса да, дені сау адамдардан қалып қоймауға тырыстым. Қазір сол қалыпта жұмыс істеп келемін. «Мүгедекпін» деп өзіме шектеу қойғым келмейді. Жұмысқа келгенде барымды саламын. Осы коммуналдық салада жұмыс істеп келе жатқаныма 40 жылдан асты. Көше сыпырғаныма, қоқыс жинағаныма еш арланбаймын. Адал еңбектің ұяты жоқ,-дейді кейіпкеріміз.
Б.Салманова бүгінде 58 жаста. Төрт перзентті тәрбиелеп өсірген ол зейнетке осы жерден шығуды көздейді.
–Ең алдымен үнемі жұмысқа жолдап отырған Қаратау аудандық мансап орталығына алғыс айтамын. Осы уақытқа дейін жұмыс істеп жүрген мекемелер белгілі бір себеппен ісін тоқтатып, өзіміз бос қалған сәтте, жұмыспен қамту мекемелері бізді үнемі басқа орындарға жібереді. Осы уақытқа дейін жұмыссыз қалған емеспін. «Жұмыс істеймін» деген адамға әрқашан жұмыс табылады. Ең бастысы – «мүгедекпін», «мен мұндай жұмысты істемеймін», өзін шектеп, табылған жұмыстан бас тартпау керек, — деп Бузейнап апай сөзін қорытындылады.
Шымкент қаласында Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан 1368 мүгедектігі бар азаматты жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, бүгінге дейін орындалғаны — 421. Бұл үшін жұмыс берушілерге арнайы квота бекітіліп, мекемлерде жұмысшы санына қарай 2- 4 пайыз мөлшері аралығында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуы тиіс.
Жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларына қатысқан мүгедектігі бар азаматтардың 13-і жастар практикасы бағдарламасымен, «Осал топтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасы аясында – 5, қоғамдық жұмыс – 97, алғашқы жұмыс орны – 19, «Күміс жас» — 32 және өзге де бос жұмыс орындарына 168 адам жолданса, «Бизнес-Бастау» жобасы шеңберінде 87 адам білімін жетілдірді.