Еңбек жағдайлары және еңбекті қорғау туралы семинар-тренингі өтті

«Shymkent Bus» ЖШС-ң ұжымына «Өндірістік қауіпсіздігі, еңбек жағдайлары және еңбекті қорғау» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді деп хабарлайды Ntime.kz . Семинарға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Шымкент қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов қатысты.Семинарда «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев сөз сөйлеп, қатысушыларға өндірістегі жазатайым оқиғалардың жағдайын, еңбек қауіпсіздігін қалыптастырудағы кәсіподақтардың рөлін, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау бойынша жұмысшыларды оқыту негіздерін, сондай-ақ, еңбек жағдайын жақсарту жөнінде түсіндірді. Сонымен қатар, Бауыржан Ілімшеұлы қоғамдық көлік қызметкерлерін вакцинациялау маңызды құрал болып табылатынын айтты. Вакцинация – бұл пандемияны тоқтатудың, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің, жұмысшылар мен олардың отбасыларының денсаулығын қорғаудың жалғыз жолы. Елде вакцинация алғысы келетіндердің барлығына ақысыз вакцинация алуға және ауыр індеттің таралуына жол бермеуге жағдай жасалған.Бұған дейін кәсіподақ төрағасы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының үндеуін насихаттап, вакцинацияланбаған жұмысшыларға екпе алудың маңыздылығын атап өтіп, індеттен уақтылы сақтануға шақырған. Бүгінде түсіндіру жұмыстарының арқасында жүргізушілер мен кондукторлар екпе алуға түсіністіпен қарап, жалпы алғанда, кәсіподақ мүшелері толығымен коронавирусқа қарсы екпе салдырған.Жиын барысында өндірістік жарақаттанудан, кәсіби аурушаңдықтан сақталу, қауіпті жағдайларды алдын ала ескерту туралы түсіндірме берілді.Қазақстан Республикасы Заңнамалығына сәйкес әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес санитариялық-тұрмыстық жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге құқылы екені түсіндірілді.Айта кетейік, бүгінгі таңда «Shymkent Bus» ЖШС-інде 1000-нан астам жұмысшы жұмыс жасайды, оның 700-і кәсіподақ мүшесі. Төрағасы – Қарлығаш Қолдасбекова.