Алаяқтардың басты қаруы – интернет!

Шымкент қаласындағы тыныштықпен тұрақтылықты сақтап, оны нығайту мақсатында Шымкент қаласының полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков әр сәрсенбі сайын жеке қабылдау өткізеді. Шаһардың бас тәртіп сақшысына арқалап келушілердің басым бөлігі интернет-алаяқтарға алданып қалғанын айтады екен. Бүгінгі таңда, екінің бірінде смартфон, интернет болғандықтан қылмыскерлер бұл мүмкіндікті өз пайдасына жаратуда. Қарапайым халық қалай алданып қалғанын түсініп те үлгермей жатыр. Өйткені алаяқтар ең маңызды құпия сандарды білу арқылы талай адамды сан соқтырып, әп-сәтте тақырға отырғызып кетеді.

Шаһарымызда соңғы бір айда 132 интернет-алаяқтық жайты тіркелді. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 143 миллион теңгеден астам соманы құрайды.

         Полиция қызметкерлері атқарған жұмыс нәтижесінде, Шымкентте бірнеше ай бойы қала арасында қызмет көрсетуші такси жүргізушілерін алдап соққан алаяқтар құрықталды. Бұл туралы Еңбекші АПБ-на 10 азамат шағымданған. Олар өз арызында, белгісіз азамат «indriver» қосымшасы арқылы қоңырау шалып, Алматы қаласынан Тараз, Шымкент қалаларына дәріхана тауарын жеткізуді өтінгенін көрсеткен. Жол ақысын интернет арқылы аударым жасайтынын айтып, такси жүргізушісінің есеп шоты мен жеке куәлігін суретке түсіріп жіберуді сұраған. Мәліметтерді алған соң, жәбірленушілердің атынан белгілі компаниямен онлайн келісім шартқа отырып, заңсыз несие рәсімдеген.

         Тергеп тексеру жұмыстары барысында бұл қылмысқа қатысы болуы мүмкін 3 азамат бар екені анықталды. Тәртіп сақшылары күдіктілерді жедел іздестіру жұмыстарына кірісті. Нәтижесінде олардың жеке басы анықталып, қала аумағында қолға түсті.

         Қазіргі таңда, аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі «Алаяқтық» бойынша іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде. Бұдан бөлек, мамандардың айтуынша, Интернет алаяқтардың құрығына түспеу үшін жеке құжаттағы мәліметтер мен банк картасындағы мәліметтерді аударымдар туралы квитанцияларды, кодтар мен код сөздерді өзін банк, полиция қызметкерлері ретінде таныстырғандарға, интернет сатушыларға бермеу керек. Жеке деректерді тексерілмеген сайттар мен басқа да желілердегі «карта енгізіңіз» деген орындарға жазуға болмайды. Интернеттен қосымшаларды жүктеу үшін тек App Store мен Play Market-ті пайдалану керек, күмәнді сілтемелерді басыып, телефонға қосымша жүктеуден сақ болу қажет. Төлем жасау үшін картаның 16 саны жеткілікті. Ал CVV-код, код сөз, ЖСН және басқа да деректерді сұрап жатса, алаяқтар болуы мүмкін.Сол себептілері тәртіп сақшылары сақтықты басты назарға алуды ескертеді.

Ntime.kz