Бүгін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Арман Сәбитов төрағалығымен лездемелік мәжіліс өтті. Күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы және аудан аумағындағы электр бағаналарын түгендеу барысы қозғалды.
Жалпы биылғы 9 айдың қорытындысында экономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім сақталды. Ал негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 39,0 млрд.теңгені құрап, 18,3%-ға немесе 6,0 млрд.теңгеге артты. Сондай-ақ, ауданда құрылыс жұмыстары қарқын алды. Бұған дәлел биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 13,6 млрд.теңгені құрап, 20,5%-ға немесе 2,3 млрд.теңгеге артқан.
Мұнан соң лездемелік мәжілісте электр энергиясының жағдайы және тугендеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет ұсынылды. Бұл туралы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бейсембаев Баймырза баяндады. Бүгінде ауданындағы барлық 42 елді мекені орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Сондай-ақ, аудан көлемінде 909 дана электр трансформатор орналасқан.
Мәжілісте Б. Бейсембаевтың айтуынша, ауданда қосалқы станциялар 110/35/10/6 кВ – 16 дана болса, оның ішінде 2022 жылы қуаттылығы 35/10-6300 кВ «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-ы тарапынан салынып пайдалануға берілген.
Жиын соңында аудан әкімі Арман Сәбитов барлық көрсеткіштердің жоспары орындалу қажеттігін мәлімдеді.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі