Шымкентте кәсіпкерлерге өндіріс саласын дамытуға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы экономикалық және өнеркәсіптік аймақтар құрылып, олар отандық кәсіпорындардың жұмысына серпіліс берді. Атап айтқанда, 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша шымкенттік өнеркәсіптік кәсіпорындар 764,3 млрд теңгенің (2022 ж. 9 айы – 686,2 млрд тг.) өнімін өндіріп, алдыңғы жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда өнім көлемі 1,5 %-ға артқан.
Бұл өз кезегінде нарықты отандық өнімдермен толықтыруға, өнеркәсіптік өнім көлемінің артуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, яғни қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң септігін тигізуде. Бүгінде қала аумағында жалпы аумағы 869 га құрайтын 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді, онда 358 млрд. теңге сомасына 337 жоба іске асырылуда. Солардың бірі – «ЖҰЛДЫЗ» индустриялық аймағында инвестициялық құны 167 млрд теңгені құрайтын, 4762 жаңа жұмыс орындарымен қамтитын 51 жоба іске асырылған. Оның ішінде, биылғы жылы инвестициялық құны 1,5 млрд теңгені құрайтын, 125 жаңа жұмыс орнымен 2 жоба іске қосылатын болады.
Оның біріншісі, «Юг PLASTIC KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ішкі және сыртқы кәріз жүйелерін және үйлерге арналған жаңбыр суағарлары жүйесін шығарады. Жобаның инвестициялық құны – 1,2 млрд. теңге, жобалық қуаттылығы – айына 600 тонна өнім өндіреді. Зауыт іске қосылса 100 жаңа жұмыс орны құрылады.
Екінші жобаны жүзеге асыратын кәсіпорын «Юг Oil Pro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Онда мұнай жол битумын қабылдау, сақтау және асфальт өндіру жөніндегі база жұмыс істейді. Жобаның инвестициялық құны – 300 млн теңге, жобалық қуаттылығы – жылына 255 000 тонна, жаңа жұмыс орындарының саны – 25.