Арыс аудандық сотында заңсыз балық аулаушыларға қатысты қылмыстық іске үкім шықты.Істің мән-жайына сәйкес, аталған оқиға 2021 жылдың мамыр айында орын алған. Отырар ауданының екі тұрғыны Қазақстан Республикасының «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Заң талаптарын өрескел бұзып, балықтардың уылдырық шашатын мерзімінде электр тоғын пайдалану арқылы 150 дана балықты аулап үлгерген. Оның ішінде сирек кездесетін, құрып кету қауіпі төнген Түркістан қаязы балығы да бар. Жалпы қоршаған ортаға 120 980 460,18 теңге мөлшерінде ірі залал келтіргені анықталды. Арыс аудандық сотының үкімімен кінәлі тұлғалар балық ресурстарын заңсыз алғаны үшін ҚК-тің 335-бабының төртінші бөлігінің 1-тармағымен айыпты деп танылып, оларға балық аулау кәсібімен айналысу құқығын 6 жыл мерзімге шектеу және сол мерзімге бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалды.Айта кетейік, заңсыз балық аулаушылар аумақтық инспекция және құзырлы орган қызметкерлері жүргізген «Уылдырық» іс-шарасы кезінде қолға түскен.
Арыс аудандық соты