Гүлжан Құрманбекова: Әрбір мәселені заң аясында шешу керек

Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Қабылдауда жайылымдық жер, тұрғын үй, жол кедергілерін орнату, АӘК алу сынды мәселелер айтылып, тиісті мекеме басшыларына аталған сұрақтар бойынша тапсырмалар жүктелді.Қабылдауда болған Монтайтас ауылдық округінің тұрғыны Рүстембек Тампиев мал шаруашылығымен айналысады. Былтырғы жылы орын алған қуаңшылықтың зардабын тартқанын айтқан ол, суармалы жер мен жеңілдетілген несие сұрай келген. Тұрғынның өтінішін ден қойып тыңдаған Гүлжан Мамытқызы суармалы жерді аукцион арқылы алуға болатынын жеткізді. Сондай-ақ, жеңілдетілген несиені рәсімдеу бойынша орынбасары мен кәсіпкерлік бөлімінің басшысына тиісті тапсырма жүктеді. Қабылдауға жазылған кәсіпкер Айдар Қашқынбаев Ақынбеков көшесі бойына жол кедергісін орнату бойынша мәселе көтерді. Қала басшысы бұл мәселенің өзекті екенін айтып, өз бақылауына алатынын жеткізді.Қала тұрғыны Арайлым Қылышбек бұған дейін қоғамдық жұмыстар атқарғанын тілге тиек етіп, тұрақты жұмыс сұрай келді. Қала басшысы жас маманның еңбекке деген құлшынысына ризашылғын білдіріп, мамандығына сәйкес тұрақты жұмысқа орналастыру үшін бөлім басшыларына тапсырма берді. Жалпы, жеке қабылдауға 17 тұрғын келді. Қала басшысы әр тұрғынның сауалына заңды түрде жеке-жеке жауап беріп, әрбір мәселеге талқылау жасап, шешу жолдарын қарастырды.Қабылдау кезінде Гүлжан Мамытқызы азаматтардың арыз-шағымы мен ұсынысын жеке-жеке тыңдап, айтылған мәселелер тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.Сондай-ақ, жауапты мамандар мен бөлім басшыларына әрбір мәселені зерделеп, заң аясында шешу жолдарын қарастыру керектігін баса айтты.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі