Аудан басшысы халықпен кездесті

Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов бекітілген кестеге сәйкес Бөржар ауылдық округінде болып, халықпен кездесті.

Аудан басшысы алдымен әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасап, бөржарлықтардың алғашқы кездесуде айтқан талап-тілектерінің орындалуына тоқталды.

Айта кету керек, аудан әкімімен болған алғашқы кездесуде 36 ұсыныс айтылған. Олардың 10-ы орындалған, 19-ы орындалу үстінде, қалған 17-сі даму жоспарына енген. Аталған ұсыныстардың дені коммуналдық салаға тиесілі. Ауылшаруашылығы және жер қатынастары саласына қатыстысы да аз емес.

— Біз Сіздердің көтерген мәселелеріңізді бастан-аяқ анықтап көрдік. Шешу жолдарын да зерделедік. Талдау жасадық. Нәтижесінде олар арнайы картаға енгізілді. Барлығын бір мезетте шешіп тастаймыз деп айта алмаймыз. Кезең-кезеңмен шешілетін болады. Ол үшін ауданның 2023-2027 жылдарға арналған кешенді даму жоспары әзірленді. Жалпы, аудандағы әр сала бойынша мәселені шешу үшін 152 млрд.тг.қажет екені анықталды. Бөржар ауылдық округіндегі мәселелерді шешуге 11 млрд.тг.астам қаржы керек. Өздеріңіз білесіздер, ауданның бюджетінде ондай қаржы жоқ. Облыстық, республикалық бюджетке үміт артуға тура келеді. Соған қарамай біз аудандық бюджетті арттыру үшін бар күшімізді салып жұмыс атқарудамыз. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, дамыту шараларын қолға алып жатырмыз. Кәсіппен айналысуға немесе кәсібін дамытуға бөржарлықтарды белсенді болуға шақырамыз, — деді аудан әкімі.

Бөржар ауылдық округіндегі ауылдарға жол салу, жолдарды орташа жөндеуден өткізу, газ тарту, жарықтандыру сияқты бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Жүргізілгендері қаншама. Солардың біреуі — Теспе мен Ықыластемір ауылдарына табиғи газ тарту. Тиісті жұмыс 2018 жылы аяқталған. Алайда Шымкент территориясындағы 3 АГРС — тің құрылысы толық бітпеуіне байланысты газ беруге үш жылдық мараторий жарияланған болатын. Міне, аталған газ тарату орталығының құрылысы аяқталып, бұйыртса берер күнде жоғарыда аталған қос ауылға табиғи газ берілетін болады.

Кездесуде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар назарға алынып, олар бойынша тиісті жұмыстар жүргізу жөнінде жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді.

Ntime.kz