Облыс әкімі шардаралықтардың базынасына құлақ түрді

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Шардара ауданыны тұрғындарымен кездесті. Басқосудың басты тақырыбы –инфрақұрылым мәселесі. Бұдан бөлек облыс басшысы  азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жауап беріп, ауданның әлеуеті жоғары екенін тілге тиек етті.

         «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысқан Өмірзақ Шөкеев мекемедегі зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға емдік-сауықтыру қызметімен танысып, тыныс-тіршілігін бағамдады.

Сапар барысында арнайы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы грант алған шардаралық тұрғындардың тауар көрмесі де ұйымдастырылды. Облыс әкімі шағын және орта бизнес мемлекеттің тірегі екенін айтып, осы салаға қолдауды күшейтуді тапсырды. Бұдан кейін облыс басшысы «Шардара армспорт» спорт клубында өткен негізгі кездесуде тұрғындар тарапынан тұрғын үй, газдандыру, аурухананы күрделі жөндеуден өткізу, балық шаруашылығына субсидиялау және өзге де мәселелер бойынша сұрақтары қойылып, арыздары мен өтініштеріне назар аударды.

«Президент тапсырмасымен әкімдердің есеп беру кездесулерінің форматы өзгерді. Кестеге сәйкес Шардара ауданына келіп тұрмын. Екінші жартыжылдықта тағы да өздеріңізбен жолығамын. Мұндағы мәселелерді жақсы білемін. Ауданның инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарына қолдау көрсетіледі. Жақын уақытта ауданның газ мәселесі шешімін табады. Қамту көрсеткіші ұлғаяды. Балық шаруашылығын субсидиялау ұсынысы өте орынды. Шешімін табады деп сенемін. Түркістан облысын дамыту, Түркістан қаласын Түркі әлемінің орталығына айналдыру бағытында жұмыс жүріп жатыр. Өңірде барлық салада тұрақты өсім бар , – деді Ө.Шөкеев.

Басқосу барасында Өмірзақ Шөкеев аудан тұрғындарын жеке өтініштері бойынша қабылдады. Қабылдауда ауданда жайылымды карьерге айналдырмау жөнінде өтініш айтылды. Кәсіпкердің де уәжі тыңдалды. Мәселе бақылауға алынды.

2021 жылы Шардара ауданының инфрақұрылымын жүргізу бағытында, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2 елді мекенде 6 жоба іске асырылды. Шардара елді мекенінде табиғи газ жүйесінің құрылысы жүргізіліп, Қоссейіт елді мекеніндегі мектеп пен дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткізілген. Бір мектеп пайдалануға берілді. Ауданға 29,7 млрд. теңге инвестиция тартылған. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 11,6%-ға өсіп, 45,8 млрд. теңгені құрады. Биыл «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 700 гектар жерде 123 жоба іске асырылып, бірінші өнім жиналуда. 20 мың шаршы метр тұрғын үй беріліп, Қоғалы, Жемісті, Жеңістің 40 жылдығы, Мақташы, Талапты елді мекендерінің жаңа құрылыс аумағында электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілген.

Ntime.kz