Өткен аптада аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Қорағаты және Абай ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, талап-тілектерін тыңдады.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 03 наурыздағы № 826 Жарлығына сәйкес аудан басшысы алдымен Қорағаты ауылдық округінің мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесуде Ерболат Салқынбекұлы алдымен ауданда, оның ішінде ауылдық округте атқарылып жатқан және алдағы уақытта атқарылатын игілікті істерді атап өтті. Өз кезегінде ауылдың тұрғындары аудан әкіміне көкейде жүрген сауалдарын жеткізді. Мәселен, мектепке барар жолды жөндеу, жаңа соғылған мешітке кіріп-шығу, Қорағаты станциясынан екіараға мектепке қатынайтын жолды жөндеу туралы өтініш-тілектерін жеткізді.
Мұнан кейін халықпен көшпелі кездесу Абай ауылдық округінде жалғасын тапты. Ауыл тұрғындары тарапынан жаяу жүргіншілер жолы, мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, жайылым мәселесі, қоғамдық жұмысқа орналасу, Самал көшесіне газ кіргізу балалар ойын алаңын салу сынды мәселелер көтерілді.
Аудан басшысы кездесулерде көтерілген сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын және әр сауал жеке бақылауында болатынын жеткізді.
Мөлдір Тастанбек Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы