Қала басшысы еңбеккер әйелдерге сый-құрмет көрсетті

Көктеммен бірге ере келген жадыраған мереке – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова әйелдер қауымын құттықтады.⠀Әр түрлі сала мамандарының басын қосқан қала басшысы бір қолымен бесік, ал бір қолымен әлемді тербеткен асыл жандардың ерен еңбегін ерекше атап өтті. Ошақтың отын маздатып, отбасының берекесін арттырған, игіліктің ұйытқысы болған әйелдер қауымына шын ниетімен ыстық лебізін білдірді.⠀Ең алдымен, Гүлжан Мамытқызы «Қолғабыс» қайырымдылық қорының ұжымында ел игілігі жолында қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер мен көпбалалы аналарды, қоғам белсенділерін құттықтап алғыс хат пен мерекелік сыйлықтар табыс етті. Өмірдің нәрі мен әрін келтірген қайырымды жүрек иелеріне алғыс білдіріп, шаңырақтарына бақ-береке тіледі.⠀Одан бөлек, жас ұрпақты тәрбиелеуде, сапалы білім беруде өзіндік үлесін қосып жүрген ұстаз, кітапханашы, темір жол мен қала тазалығы жолында еңбек етуші әйел-аналарды қабылдап, айтулы мерекемен құттықтады.⠀Өзінің жүрекжарды тілегін жеткізген қала әкімі облыс басшысы Ө.Шөкеевтің алғыс хаты мен арнайы грамотасын, одан бөлек өз атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.⠀Өз кезегінде, ақ жаулықты аналар қаламызда атқарылған ауқымды жұмыстардың арқасында орын алған оң өзгерістерге тоқталып, осы мақсатта қызмет етіп жүрген барша азаматқа алғысы мен аналық ақ тілегін жеткізді.⠀Өңір басшысы Өмірзақ Естайұлының алғыс хатын алған Нұржамал Егенбердіқызы 13 жылдан бері қала тазалығы жолында еңбек етіп келеді. Адал еңбекпен өз несібесін айырып жүрген ардақты ана «Қызмет-Сервис» ЖШС-де жұмыс атқарады.⠀– Ұзақ жылдан бері қала тазалығы үшін қызмет етудемін. Біздің еңбегімізді елеп, құрмет көрсеткендеріңізге аналық жүрегіммен ризамын. Туған жерді таза ұстау – баршамыздың міндетіміз. Осы қызметіміз арқылы елдің өркендеуіне тамшыдай болса да үлес қоссақ, перзенттік парызымыздың өтелгені,– дейді Нұржамал Егенбердіқызы.⠀

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі