Қаратау ауданында аулалардың санитарлық тазалығына ерекше көңіл бөлінуде. Қаланың көркі мен тұрғындардың денсаулығы ең алдымен тазалықтан басталады. Осы мақсатта аудан әкімдігі мен мердігер мекемелер күн сайын үйлесімді жұмыс жүргізіп келеді. Әсіресе, көпқабатты үйлердің аулаларындағы ойын алаңшалары, спорттық аймақтар және қоқыс жәшіктерінің маңайы тұрақты түрде тазартылады.
Аулалардың тазалығы – тек коммуналдық мекемелердің ғана емес, әрбір тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігін айқындайтын көрсеткіш. Соңғы жылдары бұл бағытта «Таза аула – таза қала» атты акциялар ұйымдастырылып, тұрғындар сенбіліктерге белсене қатысып жүр. Жастар да, егде жастағы азаматтар да бұл бастаманы қолдайды. «Аула таза болса, балаларымыздың да көңіл-күйі жақсы болады. Соңғы айларда біздің ауланы аптасына екі рет жуып-шайып жүргенін көріп жүрміз. Бұған қоса, көршілермен бірігіп гүл отырғыздық», – дейді Нұрсат шағынауданының тұрғыны Әлия Сәрсенқызы.
Тазалық шараларының сапасын арттыру үшін әкімдік тұрғындардың пікірін ескеріп, бақылау топтарын құрып отыр. Мәселен, кейбір аулаларда арнайы бейнекамералар қойылып, қоқыс дұрыс шығарылуын қадағалауда. «Бұрын кейбір көршілер қоқысты контейнердің сыртына тастай салатын. Қазір камера орнатқалы жағдай түзелді. Жауапкершілік күшейді», – дейді Тұран шағынауданының тұрғыны Ержан Тілеуберді.
Сонымен қатар, мектеп оқушылары арасында да экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Балаларға арнап тазалық тақырыбында сурет байқаулары, эссе жазу конкурстары өткізіліп, табиғатты қорғаудың маңызы түсіндірілуде. Бұл бастамалар жас ұрпақтың бойына туған жерін қадірлеу сезімін сіңіруге ықпал етеді.
Аудан әкімдігі санитарлық талаптарды сақтау – тек мекемелердің емес, әрбір азаматтың міндеті екенін айтады. Осы мақсатта тұрғындар арасында «Жасыл аймақ», «Таза подъезд», «Үлгілі аула» сияқты байқаулар ұйымдастырылып келеді. Мұндай бастамалар көршілер арасындағы ынтымақты күшейтіп, тұрғындардың ортақ іске бейжай қарамауына жол ашады.
Тазалықты сақтау – жай ғана санитарлық талап емес, ол – мәдениет пен өркениеттің айнасы. Әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстауды әдетке айналдырса, Қаратау ауданы ғана емес, бүкіл қала көркейе түсері анық.