Ауыл тынысы – басты назарда

Ауыл тынысы

Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы мен су ресурстарына қатысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған қоғамдық қабылдаулар мен кездесулер жүйелі түрде өткізіліп келеді. Бұл жолы «AMANAT» партиясының Сайрам аудандық филиалында ауыл тұрғындарын алаңдатқан маңызды мәселелер талқыланып, жауапты мекеме өкілдерінің қатысуымен ауқымды қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.

Қабылдауға аудандық мәслихат төрағасы Шамхат Халмұрадов, Сайрам ауданы прокурорының міндетін уақытша атқарушы Мерлан Шотыков, аудандық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Асылбек Есенқұлов және партия филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов қатысты. Сонымен қатар сала мамандары – жеке сот орындаушылары, ауыл әкімдері, заңгерлер, білім бөлімі, жер қатынастары мен кадастр, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, ветеринариялық қызмет, БАҚ өкілдері және тұрғындар белсенді түрде атсалысты.

Ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің негізгі бөлігі мал шаруашылығына тікелей қатысты болды. Әсіресе, жайылымдық және шабындық жерлердің жетіспеушілігі, бұрын жекеменшікке берілген, бірақ кәдеге аспай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі кеңінен қозғалды. Мал азығының қымбаттауы, шаруа қожалықтарына берілетін субсидиялардың кешіктірілуі, ветеринариялық қызметтің қолжетімділігі сынды сұрақтар да назардан тыс қалмады.

Сонымен қатар су ресурстары – бүгінгі күннің күрделі әрі маңызды тақырыптарының бірі. Қарабұлақ, Қарасу, Манкент ауылдық округтерінен келген тұрғындар су тапшылығы мен су бөлудің әділетсіздігі, каналдарды тазарту қажеттілігі туралы мәселе көтерді. Шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар егістік алқаптарды дер кезінде суара алмаудан шығынға батып жатқанын айтып, бұл бағыттағы нақты әрекеттерді күтетіндерін жеткізді. Аталған түйткілдерге байланысты жауапты мекемелер нақты түсініктемелер беріп, кейбір мәселелер сол мезетте шешімін тапты. Ал уақыт талап ететін мәселелер тиісті органдардың бақылауына алынды.

Қоғамдық қабылдау барысында құқықтық көмек сұраған азаматтар да болды. Заңсыз құрылыс, көршілер арасындағы дау-дамай, сот шешімдерінің орындалмауы, полиция қызметіне байланысты сұрақтар, мектеп оқушылары арасында оқу жылының соңына орай туындауы мүмкін келеңсіз жағдайлардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе жазғы демалыста ауыл балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.

Жалпы, қоғамдық қабылдауда айтылған барлық өтініш-тілектер тіркеліп, тиісті сала мамандарына жолданды. Халықпен ашық диалог жүргізілген бұл шара ауыл өміріндегі өзекті мәселелерді жүйелі шешуге жасалған маңызды қадам болды. Шара соңында тұрғындар көтерілген мәселелерге бейжай қарамай, тыңдап, нақты жауап берген билік өкілдеріне алғыстарын білдірді.

Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы мен су ресурстары мәселесін шешуге бағытталған осындай қабылдаулардың алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды. Басты мақсат – ауылдың тыныс-тіршілігін жақсарту, шаруаға қолдау білдіру, елдің ертеңін бірге қалыптастыру.