Бастауыш ұйымдарының белсенді құрамдарымен кездесу болды

Бастауыш ұйымдарының

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев партиямыздың Түркістан қалалық филиалына қарасты «Достық» және «Түркістан станциясы» бастауыш партия ұйымдарының белсенді құрамдарымен кездесті. Кездесу барысында партияластарға атқарылып жатқан жұмыстар мен партиялық қызмет, партиялық жобалар төңірегінде айтылды.

Түркістан жоғары медицина колледжінің базасында құрылған «Достық» бастауыш партия ұйымы 220-дан астам азаматты біріктіріп, партия айқындаған басымдықтарды іске асыру шараларын атқарып келеді. Гүлмира Алдабергенованың жетекшілігіндегі бастауыш ұйымның негізгі құрамын – орта буын медицина кадрларын даярлайтын денсаулық сақтау саласының кәсіби мамандары құрайды.

Бастауыш ұйым берген ұсыныспен 50 азамат «Қарызсыз қоғам» жобасы шеңберіндегі қаржылық сауаттылықты көтеру курстарында білім алған. «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Балаңа уақыт арна», «Әкем, анам және мен» отбасылық сайыстары өткізілген. Колледжде білім алушы жастардың қатысуымен бизнес бастамаларға баулу семинарлары, қоғамның экологиялық санасын қалыптастыруда «Таза бейсенбі» апталығы аясында «Таза аула», «Жасыл колледж» экологиялық акциялары ұйымдастырылған.

Алтынсары Дүйсенбекұлы ұйымның белсенді қызметіне ризашылығын білдіріп, жүйелі жұмысты қамтуда бірқатар шараларды қоса атқаруды ұсынды.

Түркістандағы ең көне еңбек ұжымдарының бірі – Түркістан локомотив депосы. Қадір Сырлыбеков жетекшілік ететін «Түркістан станциясы» бастауыш партия ұйымы өңіріміздегі ең белсенді қызметі бар ұйымдарымыздың бірі. Партияласымыз Сұлтан Базарбай атқарылып жатқан жұмыстардың баяндады.