Бейбітшілік пен тұрақтылық — басты негіз

«Қазақ пен домбыра — егіз ұғым». Мен бейбіт, ұлттық құндылықтарды қастерлеп, өнерді асқақтата білетін елдің ұлы екенімді мақтан тұтамын. Себебі, халқымыз түрлі қиын-қыстау кезеңді бастан өткерсе де, руханияты мен ұлттық құндылықтарын құлдыратпай, ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп қалдыра білген. Әр қазақтың жүрегінде жаңғырып тұрған ұлттық рух, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік мені де бала күнімнен үлкен арманға жетеледі.

Бала күнімнен ағаш шеберханасында жұмыс істеуді армандағанмын. 1994 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында мектепті бітірген соң, ауылдағы әуесқой ұста Молдабек Сәдібековке көмекші болдым. Ең алғаш Кеңес кезінде цехтан шыққан домбыраның жарығын жамап, жөндеуден бастадым. Ол кездері ағаштың түрін де ажырата білмеймін. Тіптен, ауылдарда қауақ деп аталып кеткен ыдысты домбыраның шанағына пайдаланып, бетіне фанер жабыстырып, жоқтан бар жасайтынбыз. Екі жылдай Молдабек ағайға көмекші болып, 1996 жылы отбасымызбен Шымкентке көшіп келдік. Қалада орнығып алған соң, 1999 жылдан бастап кәсібімді қайта қолға алдым. Алғашқы ұстазыммен бірге 2004 жылға дейін домбыра жасадық. Қалаға келіп, ізденіп, домбыра жасаудың қыр-сырын меңгердік.

Домбыраның құдіреті үнінде. Шеберлігімізді шыңдап, Қазақстанға белгілі ұста, әлемге әйгілі музыканттарға прима қобыз, скрипка аспаптарын жасап жүрген Алексей Николаевич Непряхиннен дәріс алдық. Дыбыс тазалығын сақтау, материал таңдауды үйрендік.

«Домбыраның мықтысы — ағашынан» демекші, домбыраның шанағы қатты ағаштан жасалса, бетіне, керісінше, жұмсақ, таза ағаш керек. Біз көбіне сұранысқа қарай шанаққа жаңғақ ағашы, ал бетіне шырша мен қарағай қолданамыз. Тек Шымкентте емес, республика көлемінде жаңғақтан жасалатын домбыра жиі қолданылады. Ал, концерттік, ерекше тапсырыспен жасалатын домбыраларға арнайы шетелден шикізат алдырамыз.

Бүгінде біздің өнім Шымкенттегі саз мектептері, жекеменшік өнер студияларының оқушыларының қолында жүр. Тіптен, шымкенттіктер қонақкәде ретінде шетелге де алып кетіп жатады. Былтыр бір британдық азамат домбыра үйреніп жүргенін айтып, сапалы аспапқа тапсырыс берді. Атырауда бір фирманы басқарып отырған неміс ұлтының келіншегі 35-40 күй тартуды үйренген екен, сапалы домбыра алуға келіпті. Әнші Рамазан Стамғазиев ағамыз, ақын Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Нұрлан Есенқұлов сынды көптеген танымал азаматтарымыз да бізден домбыра алып жүр.

Біздің атакәсіптен ажырамай, домбыра жасауды кәсіпке айналдыруымызға еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылық — басты негіз. Сондай-ақ, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген бауырларымыздың сеніміне ие болып, ұлттық саз аспабының кең таралуына үлес қоса алғанымыз үшін еліміздің патриоты ретінде қуаныштымын.

Дастан ШАМЕТОВ,

домбыра шебері