Биылғы жылы  3484 алаяқтық жайты тіркелген

Шымкентте жыл басынан бері 3484 алаяқтық жайты тіркелген. Оның ішінде 958 азамат интернет алаяқтардың құрбаны болды. Алаяқтардың сан түрлі өтірігі бар, бірі сіздің атыңызға несие рәсімдейді, келесісі кезексіз пәтер алуға, үшінші кәсіп бастауға арналған үлкен сомадағы қаржы шығарып беруге уәде етеді. Мұндай айласы жүзеге аспаса банк қызметкері немесе құқық қорғау органының ресми өкілі ретінде жалған лауазымын пайдаланып қорқытып, үркітуге көшеді. Атап айтар болсақ, өткен аптада Әл-Фараби АПБ-на алаяққа алданған тұрғын арызданды. Ол өз шағымында, бейтаныс адам жеке кәсіпкерлер үшін берілетін 21 миллион теңге көлеміндегі несиені 6%-бен алып беремін деп, 400 000 теңге қолма-қол ақшасын алаяқтық жолмен иемденіп кеткенін көрсетті.

         Полиция қызметкерлері күдіктіні жедел іздестіру жұмыстарына кірісті. Нәтижесінде, аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен жергілікті қала тұрғыны анықталып, полиция басқармасына жеткізілді. Белгілі болғандай ол орта жастағы, жұмыссыз әйел.

Қазіргі таңда, аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар жоқтығы анықталуда.

         Соңғы кездері адамдар арасында алаяқтық асқынып барады. Халқымыз қашанда «Адалдықтың ала жібін аттама» дегенді жас ұрпақтың құлағына құйып өсірді. Бұл адамгершілік тәрбиенің бір көрінісі ретінде бағаланды.

         Өкініштісі, қазір сол асыл қасиет ортамыздан жоғалып бара жатқан секілді. Қашанда жалғандық адамды жарға жығып жатады.Өтірікпен өрге баса алмайтының анық. Қазір ел арасында алаяқ деген сөз жиі айтылады. Біреудің мүлкіне қол соғып, оны алдап алу жолымен иемденіп кету күнделікті көрініске айналып барады.Бұған байланысты қылмыстар сот органдарында жиі сарапталып, соған орай тиісті шешімдер қабылданып жатады. Бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену арқылы талай адамды осындай қиындыққа душар етті. Бұл жөнінде Қылмыстық кодексінің 190-бабында алаяқтық 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Соған сәйкес мүлікті тәркілеу, өмір бойы құқығынан немесе белгілі бір қызмет түрімен айналысуына шектеу қойылады.

Ntime.kz