Рухани қала Түркістанда рухты кездесу өтті

Бүгін қаламызда Түркістанды — рухани, өркениетті дамыған шаһар ету бағытында көтеріліп жүрген игі бастаманың орындалуын талқылауға арналған алқалы жиын өтті. Кездесуге Түркістан қаласының прокуроры Кәукен Бахытбайұлы Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаев, Түркістан облысының бас имамы Ержан Сматұлы, қаланың бас имамы Мұхаммеджан Ергешбайұлы және ақсақалдар алқасының төрағасы мен мүшелері қатысты.

Жиын барысында түркі халықтарының рухани астанасына айналған киелі қаламызды көпшілікке үлгі ретінде ұсыну мақсатында өңірімізде құмар ойындары мен алкагольді ішімдіктерден, зиянды әрекеттерден бас тартатын ортаға айналдыру жайлы ұсыныстың көптен бері айтылып, бірақ жүзеге асырылуы баяу болып жатқандығы айтылды.

“Түркістанды «Арақсыз қала, шарапсыз шаһар, жезөкшелігі жоқ рухани орда» атты бастама, бұл бүгін көтерілген мәселе емес. Бұған дейінде бірнеше рет мінбелерде сөз болған еді. Бірақ, оны ары қарай тұрақты түрде жалғастырып, насихаттау барысында сәл баяулық байқалуда. Осы мәселені мүмкіндігінше жеделдете түсейік”-деді Түркістан ҚПБ бастығы Бауыржан Жанаев.

Сонымен қатар облыс тұрғындарының мәдени және патриоттық сезімдерін қалыптастыру, қоғам құндылықтарына бейімдеу, ақпараттандыру жұмыстарын жандандыру секілді мәселелерді шешкенде ғана біз алға қойған мақсатқа жете аламыз, — деп ақсқалдар тарапынан орынды ұсыныстар айтылды.

Жиынға қатысушылар жоғарыда аталған пікірлерді бір ауыздан қолдап, насихат жұмыстарын белсенді азаматтардың көмегімен тұрақты түрде жүргізуді ұсынды.