Шымкент қаласының қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі – Қаратау ауданына қарасты Бозарық шағын ауданы. Мұнда тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып, инфрақұрылым жүйелері кезең-кезеңімен дамытылуда.
Бозарық бүгінде заманауи келбетімен, кең аулалары және таза ортасымен ерекшеленеді. Инженерлік-коммуналдық желілер жаңартылып, көшелер жарықтандырылған. Тұрғын үйлердің айналасы абаттандырылып, балалар ойын және спорт алаңшалары орнатылған. Бұл жұмыстар қала әкімдігі мен аудан әкімдігінің жүйелі еңбегінің нәтижесінде жүзеге асуда.
Шағын ауданның басты артықшылығы – ыңғайлы орналасуы мен әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі. Мұнда мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория және демалыс орындары тұрғындарға жақын орналасқан. Осы арқылы тұрғындар күнделікті қажетті қызметтерді өз аудандарынан-ақ пайдалана алады.
Бозарықтағы жаңа тұрғын үй кешендері қала сәулетінің заманауи талаптарына сай салынып, инженерлік желілермен толық қамтылған. Сондай-ақ, көше жолдары кеңейтіліп, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар мен веложолдар салынған.
Қала тұрғындары үшін ең маңыздысы – таза әрі қауіпсіз орта. Осы бағытта аудан аумағында көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерге ағаштар, гүлдер отырғызылып, қоқыс шығару және санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты бақылауда.
Қаратау ауданының әкімі Ғабит Сыздықбеков атап өткендей, басты мақсат – тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасау.
– Әрбір ауданның дамуы – қала келбетінің айнасы. Сондықтан біз тұрғындармен бірге жұмыс істеп, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Бозарық – соның жарқын мысалы, – деді аудан басшысы.
Бүгінде Бозарықта тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Алдағы уақытта жаңа әлеуметтік нысандарды салу, көшелерді асфальттау және көгалдандыру көлемін арттыру жоспарлануда.
Қаратау ауданының Бозарық шағын ауданы – заманауи құрылыс, таза орта және тұрғындардың белсенді өмір салты үйлескен жайлы мекен. Бұл ауданның даму қарқыны Шымкент қаласының әлеуметтік және инфрақұрылымдық өрлеуінің айқын көрінісі болып отыр.