Аудандық прокуратура және білім бөлімінің бастамасымен «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында «Жасөспірімдер арасында қылмыстың, құқық бұзушылықтың, ерте жүктіліктің, буллингтің алдын алу» тақырыбында жасөспірімдермен кездесу өтті.
Аталған басқосу Ақсукент ауылындағы №5 М.Горький атындағы және Қарасу ауылындағы №74 жалпы білім беретін мектептердің базасында ұйымдастырылған. Жиналысқа мектеп директорлары, білім қызметкерлері, ата-аналар және 9-11 сынып оқушылары қатысты.
Мақсаты — оқушылардың бойына адамгершілік, ұқыптылық, жауапкершілік және өз еліне, отбасына деген сүйіспеншілікті арттыру. Сонымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамда жүріс тұрысында әдептілік пен заң талаптарын орындауға баулу.
Аталған кездесудің алғы сөзін аудандық бөлім басшысы Ахметов Бауыржан Талғатұлы бастап, кездесудің мақсат-міндеттерін таныстырды.
Келесі сөз кезегі аудандық құзырлы органдардың өкілдеріне ұсынылды.
Бірінші кезекте Сайрам ауданы прокурорының орынбасары Шотыков Мерлан Аятбекұлы жасөспірімдер арасында қылмыстың, құқық бұзушылықтың, ерте жүктіліктің, нашақорлықтың, вейб электронды темекі шегудің зардаптарының, интернет кеңістігіндегі алаяқтық, буллингтің алдын алу туралы құқықтық кеңестер берді.
Екінші кезекте аудандық полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімінің инспекторы қатысып, алдағы уақытта кестеге сәйкес кәмелетке толмаған балалар мен ата-аналарымен кездесулер өткізілетінін туралы хабарлады.
Жиналыс барысында оқушылар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Атап айтқанда, жасөспірімдер қылмыс және ата-ана баласы үшін қандай жауапкершілікке тартылатыны, әскер борышын өтеуден ер балалар арасында көп өлім орын алу себебінен әскерге барудан бас тартуға болатыны немесе болмайтыны туралы сауалдар болды.
Кездесу соңында білім алушылардың тәлім-тәрбиесіне қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жаман әдеттерге бой алдырмау керектігін, сондай-ақ түнгі уақыттары көшеде заңды өкілдерінсіз жүрмеу қажеттігі туралы айтылды. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.