Түркістан қаласында аялдаманы бұзған жасөспірімдер анықталды

Табиғат тіршіліктің құт — берекесі. Табиғатты қорғау, сақтау қазіргі жастардың қолында. Түркістанның келбетін көркейту үшін қазіргі таңда жан-жақты сәулет жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түрленген Түркістанда көп нәрсе заман талабына сай жаңарды, өзгерді. Ендігі кезек осы нәрселерге ұқыпты қарап, өз үлесімізді қосу керекпіз.

Осы ретте Түркістан қаласының тәртіп сақшылары Әлеуметтік желіде тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Сондай жұмыстарының бірінде облыс орталығындағы аялдаманың бұзылғаны бойынша бейнежазбаны байқады. Ал сол бейнежазбаны түсірген тұрғынның айтқанына сүйенетін болсақ, белгісіз біреулер Түркістан қаласындағы Алматы көшесінде орналасқан шыны аялдаманы таспен ұрып сындырып кеткен.

Орын алған теріс әрекет жайлы толық мән-жайды анықтау мақсатында, Түркістан қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшыларының жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, аялдаманы сындырған кәмелетке толмаған 5 жасөспірім анықталды. Олар көшеде ойнап жүріп, аялдаманы таспен ұрып сындырған.  Аталмыш оқиғаға себепкерлер 8 сынып оқушылары болып шықты. Өз кезегінде олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, осы жайт бойынша жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Түркістан қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды.

Одан бөлек, Түркістан қаласында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта жүру қауіпсіздіктеріне де мониторинг тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Сондай-ақ, мектептер мен білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандармен жиындар, конференциялар мен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Онда қылмыстық тәуекелдерге бармаудың алдын алу, табиғатты аялау, қоғамдық орындарда жүру этикалары бойынша талқылаулар өтеді.

Айта кетейік, Түркістандық полицейлер қала тұрғындары мен қонақтарын абаттандыру ережелерін сақтауға, аялдамалар мен орындықтарды бұзбауға, қоқыстарды тастамауға және қаламыздың тазалығына құрметпен қарауға шақырады.

Ntime.kz