EGov mobile қосымшасында құмар ойындар мен бәс тігуден қолжетімділікті шектеуге болады

бәс тігуден өз бетінше шектеу

Құмар ойындарға қатысудан және бәс тігуден өз бетінше шектеу бойынша қызмет цифрлық форматқа ауыстырылып, енді «eGov mobile» қосымшасында қолжетімді болды.
Енді Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер «eGov mobile» мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өздерінің құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеуге өтініш бере алады. Жаңа қызмет өтінімдерді өңдеуге кететін уақытты айтарлықтай азайтады және құмар ойындардан бас тарту процесін жеңілдетеді. Бұл кез-келген азаматқа, әсіресе шамадан тыс ойнауға бейім адамдарға, ҚР юрисдикциясы аясында лицензия алған барлық ресми ойын алаңдары мен онлайн-букмекерлік платформаларды қолдануды шектеуге мүмкіндік береді.

Өтінім беру үшін «eGov mobile» мобильдік қосымшасында «Қызметтер» қойындысына, содан кейін «Спорт» бөліміне өтіңіз. Қызметтер тізімінен «Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуды шектеу жөніндегі сервисті» таңдау қажет. Ашылған бетте шектеу мерзімін айлармен көрсетіп, «Қызметке тапсырыс беру» түймесін басыңыз. Әрі қарай, сіз жылдам қол жеткізу кодын немесе биометрияны пайдаланып қызметке қол қоюыңыз керек. Қызметке қол қойылғаннан кейін, өтінім мәртебесімен таныса аласыз. Өтінімді құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын шектегісі келетін адам ЭЦҚ пайдалана отырып беруі тиіс. Үшінші тұлғалардың өтінім беруіне жол берілмейді.

«eGov mobile қосымшасы арқылы құмар ойындарға қатысуды және бәс тігуді өз бетінше шектеу бойынша қызмет көрсету соңғы уақытта қоғамның өте өзекті мәселесіне айналған лудоманиямен күрестегі құралдардың бірі болып табылады. Жаңа қызмет пайдаланушыларға құмар ойындарға қатысуын бақылауға және оларға қол жеткізуге шектеулер қоюға мүмкіндік береді, бұл қаржылық проблемалар мен лудоманиямен байланысты жеке мәселелерді айтарлықтай төмендетеді», — «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин атап өтті.  

Егер қызметті алуға өтінім бұрын берілген болса, қызметті қайта алуға болады. Яғни қайта өтінім берген кезде бұрынғы өтінім туралы ақпараттық хабарлама көрсетіледі, «Иә» сөзін басқан кезде қызметті қайтадан алуға болады, осылайша оның мерзімін ұзартуға болады.

Өтінім бергеннен кейін сервис өтінімді тіркейді және қолданушы құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан шектелген адамдар тізіміне өтінімді қайтарып алу құқығынсыз енгізіледі.

Ойын бизнесі субъектілерінің әрбір сұрау салуы тізімде тұрған адамдардың өзге де жеке деректерін жарияламай ЖСН деректемелері бойынша жеке өңделетін болады. Ойын бизнесі субъектілерінде тізіміне қолжетімділік болмайды.

Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін сілтеме арқылы бейне нұсқаулық қолжетімді: https://youtube.com/shorts/_Nq7Zb_M-4Y?feature=share

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған болатын.

Қызмет Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетімен және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлескен жұмысының арқасында пайдаланушылар үшін қолжетімді болды.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Қоғаммен байланыс басқармасы