«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да «Уран саласын дамыту мәселелері мен перспективалары» тақырыбында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі Комитетінің көшпелі отырысы өтті. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Қазатомөнеркәсіп басшылығы, ҚР Энергетика министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Отырыс басталар алдында қатысушылар көрме экспозициясымен танысты, онда экология және өндірістік қауіпсіздік бойынша стендтер, атом өнеркәсібінің соңғы жетістіктері және ядролық-отын циклінің негізгі кезеңдері – уран өндіруден бастап жылу бөлетін құрастырмаларды дайындауға дейін ұсынылды.
Мәжіліс Комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин декарбонизация мақсаттарына қол жеткізуде атом энергетикасы маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бұл ретте ол Қазатомөнеркәсіп барлық халықаралық стандарттарға қатаң сәйкес келетінін және БҰҰ жариялаған тұрақты даму қағидаттарын ұстанатынын атап өтті.
Отырыста Қазатомөнеркәсіптің 2023 жылдың қорытындысы бойынша барлық өндірістік және қаржылық көрсеткіштерді орындағаны туралы мәлімделді. Сондай-ақ инвестициялық жобалар, су ресурстарын басқару стратегиясын және сирек және сирек жер металдары саласындағы ғылыми-технологиялық даму бағдарламасын іске асыру, тұрақты даму және компания қызметінің басқа да бағыттары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарланды.
«Қазатомөнеркәсіптің саладағы ең ірі уран қоры — 300 мың тонна бар және ол тек уран өндіру бойынша ғана емес, сонымен қатар сату бойынша да әлемдік көшбасшы болып табылады. IPO-ға шыққаннан бері компанияның нарықтық капитализациясы 3 млрд доллардан 12 млрд долларға дейін өсті. Халықаралық аренада Қазақстанның атынан қатыса отырып, атом холдингі елдің инвестициялық ахуалын дамытуға және оның инвесторлар арасында танымалдылығын арттыруға ықпал етеді. Біз компания қызметінің тиімділігін арттыру және Қазақстанның атом саласын дамыту үшін бар күшімізді салуды жалғастырамыз», — деп атап өтті «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы, Мейіржан Юсупов.
Қазатомөнеркәсіп уран өндірудің ең қауіпсіз және экологиялық таза әдісі – жер асты ұңғымалы әдісін қолданады. Компания қоршаған ортаны қорғау шараларына және еңбекті қорғау және қауіпсіздік бағдарламаларын жүзеге асыруға қомақты қаражат салады. 2023 жылы қоршаған ортаны қорғау шараларына жалпы шығыстар 1,3 млрд теңгені, еңбекті қорғау, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік бағдарламаларына шамамен 12,5 млрд теңгені құрады.
Қазатомөнеркәсіп өңірлерді және олардың инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын атап көрсетеді. 2023 жылы әлеуметтік маңызы бар жобаларға 580 млн теңгеден астам, ал соңғы үш жылда 2,4 млрд теңге бөлінді. 2024 жылы компания жергілікті тұрғындардың дамуы мен әл-ауқатын арттыра отырып, әлеуметтік жобаларға инвестиция салуды жалғастырады.
2023 жылы атом холдингінің сату көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 10%-ға өсіп, 18 мың тоннаны құрады. Түсім 1,4 трлн теңгеге жетті. Таза пайда шамамен 580 млрд теңгені құрады.
Президент жолдауларының орындалуына қатысты компанияда импортты алмастыру жөніндегі жергілікті жобалау кеңсесі жұмыс істейтіні атап өтілді, оның қызметіне жаңа өндірістер құру жөніндегі жобаларды қарау және отандық тауар өндірушілерді қолдау кіреді. 2023 жылы Қазатомөнеркәсіптің еншілес және тәуелді ұйымдары жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге 50 офтейк-шарт жасасты.
Минералды-шикізат базасын толықтыру атом холдингінің басым мақсаттарының бірі болып табылады. Қазатомөнеркәсіп уранның минералдық-шикізат базасын толықтыру бойынша іздестіру жұмыстары бағдарламасы шеңберінде жаңа перспективалы учаскелерді анықтау мақсатында Түркістан және Қызылорда облыстарында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізеді.
Компания ғылымның дамуына үлкен көңіл бөледі. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру жыл сайын артып келеді. 2023 жылы лицензиялық және келісімшарттық міндеттемелердің 1%-ы шеңберінде қаржыландыру көлемі 2,89 млрд теңгені құрады.
Қазатомөнеркәсіп уран өнімін өндірумен байланысты негізгі қызметтен басқа сирек және сирек жер металдары салаларын тиімді дамыту перспективаларын көреді. 2023 жылғы ақпанда Қазатомөнеркәсіптің Директорлар Кеңесі сирек және сирек жер металдары саласындағы ғылыми-технологиялық даму, өнімнің жаңа түрлерін жасау және ғылымды қажетсінетін өндірістерді ұйымдастыру үшін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кәсіпорындарында пайдалы құнды компоненттерді ілеспе алу технологияларын жетілдіру бағдарламасын 2022-2029 жылдарға бекітті.
Қазатомөнеркәсіп жұмысының маңызды бағыттарының бірі тантал, ниобий және бериллийден өнім шығару бойынша Үлбі металлургия зауытының жұмысын қамтамасыз ету үшін отандық минералды-шикізат базасын құру болып табылады. Осылайша, 2023 жылдың наурыз айында Жоғарғы Ырғыз тантал кен орнының блоктарына қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия алынды. Ал 2024 жылдың наурыз айында Караджал тантал кен орнының блоктарына қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия алынды.
Отырысты қорытындылай келе, Еділ Жаңбыршин Мәжіліс Комитетінің бірлескен жұмыс пен Қазақстанның атом өнеркәсібін одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстар үшін ашық екеніне назар аударды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ