Демалыс аймағына дем берді

Демалыс аймағына

 Шымкенттегі «Көл» демалыс аймағы бұрындары халықтың сүйікті орталығы болатын. Уақыт өтіп, тозығы жетті. Соңғы жылдары тіпті көркі келіссіз болып кеткені жасырын емес. Осыны ескерген Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тозығы жеткен нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа кейіпке енді.

«Қаланы аралау барысында жергілікті тұрғындар «Көл» атап кеткен жасанды су қоймасын аштық. «Көл» жылдар бойы қараусыз қалды. Менің тапсырмам бойынша мамандар нысанды қалпына келтіруде ауқымды жұмыстар атқарды.Түбін тазалап, айналасын абаттандырып, көгалдандырды. Жарық жүйелерін жүргізіп, су қоймасын толтырды. Субұрқақтар іске қосылды. Қала тұрғындарын қоқыс тастамауға, тазалықты сақтауға және аумаққа ұқыпты ұстауға шақырдым», – деп жазды желі парақшасында қала басшысы.

Халық жылдар бойы қараусыз қалған аумақтың заманауи талапқа сай абаттандырылып, халықтың серуен алаңына айналғанына қуанышты.
– Ары-бері өтіп жүріп, осы жердің сусыз қаңырап тұрғанына көңілім құлазитын. Өйткені бұл жер балалық шағымыз өткен, естелікке толы жер еді. Бүгінгі қалпын көріп қуанып жатырмыз. Кешке келіп, әдемі субұрқақтарға қарап, демалатын орын болыпты. Осы жобаны қолға алған қала әкіміне алғысымыз шексіз, – дейді қаланың байырғы тұрғыны Назира Оралова.
Қала әкімінің тапсырмасы аясында нысанда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Көлдің түбі тазаланып, айналасы абаттандырылды. Көгалдандырылған аумаққа озық үлгідегі жарық жүйелері жүргізілді. Су қоймасы толтырылып, субұрқақтар іске қосылды. 950 шаршы метрге бетон төселіп, 350 шаршы метр гранит төселген.
Бұл жұмыстар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында, яғни демеушілер есебінен атқарылды. Қала басшысы тұрғындармен кездесуде демалыс аймағын таза ұстап, ұқыпты қарауға шақырып, суретке түсіп, басқа да мәселелерін тыңдады.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірге заманауи талапқа сай абаттандырылған балалар теміржолы аумағын аралады. Мегаполис басшысының тапсырмасымен, қараусыз қалған аумақ жан-жақты зерделеніп, жаңа серуендеу аймағының тұжырымдамасы дайындалған болатын.
Жоба бойынша халыққа қолайлы, серуенге ыңғайлы, қауіпсіз аймақ жасау қарастырылған болатын. Сонымен қатар, спорттық алаңшаларға да орындар қарастырылған.
Орталық стадионнан Денросаябаққа дейінгі шамамен алты шақырымды құрайтын жолда жүгіру және велосипед жолдары, воркаут-алаңдары бар. Осы алты шақырымдық жол түгел асфальтталған. Алдағы уақытта азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін мұнда бейнекамералар орнатылады, сондай-ақ туристік полиция тәулік бойы патрульдеу ұйымдастырады. Нысанның тарихи келбеті сақталуы үшін станцияларға жаңартылған вагондар қойылады.

Сонымен қатар жол бойынан халықтың игілігі үшін кофеханалар ашылады.
Айта кетейік, бұл нысан да демеушілер есебінен жасалынып жатыр. Қалада алдын үш нысан демеушілердің көмегімен халық игілігіне берілген болатын.