16-17 қазан күндері Шымкент қалалық опера және балет театры сахнасында «Достық әуендері» атты концерттік іс-шара өтті. Екі күнге жоспарланған іс-шарада ҚР Еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы және халықаралық байқаулардың лауреаты, Ресей Федерациясы Мәскеу қаласынан келген Екатерина Головлева өзінің ерекше даусымен көпшілікті тәнті етті. Сонымен қатар, АҚШ-тың Сан-Франциско қаласынан пианист, әрі дирижер, әлемдегі үлкен сахналарда танымал болған Теміржан Ержанов концертте пианинамен сүйемелдеп, халықтың қошеметіне бөленді. Т.Ержанов – Шуман атындағы Халықаралық конкурстың алтын жүлдегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, концертмейстер. Концертте қазақ халқының аяулы қызы, әлемдік Опера сахнасының жарық жұлдызы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызы да ән салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Айта кетсек, екі күнге жалғасқан іс-шарада туындылары ешқашан тарих беттерінен өшпейтін, әйгілі әлем композиторлары Сергей Рахманинов және Петр Чайковскийдің шығармалары орындалды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі