Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қасиетті Түркістан қаласына жұмыс барысымен ат басын бұрды. Тұңғыш Президент ең алдымен көне шаһарда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. «Қазақ хандары» мемориалдық кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Көне шаһар бүгінде адам танымастай өзгерген. Зәулім ғимарттар тұрғызып, қала гүл мен жасыл желекке оранған. Түркістанның түлеуі астана салумен тең деді Елбасы.
Досжан Маратұлы, тілші:
Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанның облыс орталығы болғанына да – үш жылға жуықтады. Бүгінде өңір қарқынды дамудың жолына түскен. Облыс орталығы жаңа кейіпке еніп келеді. Мұнда бірінші рет келген адам қаланың өзіне тән ерекше аурасын, қасиетін сезінеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен жанындағы тарихи орындар өзгеше бір сырлы әлемге жетелейтіндей. Бүгінгі қаланың тарихи, рухани болмысы бөлек.
Түркістанның түрленуі Елбасының ерекше назарында. Қаладағы әрбір нысанның салынуына тікелей назар аударды. Түрлі нысандар тұрғызылып, саябақтар отырғызылды.
Кешенде иілген 21 қанатты көруге болады. Бұл Түркістанда жерленген 21 ханды білдіреді. Есім ханнан Әликен ханға дейінгі бабаларымыздың есімдері мен басқарған жылдары да жазылған. Сондай-ақ осында Елбасы «Ұлы дала бірлігі» атты капсуланы салды. Оның ішінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі қасиетті жерлердің топырағы жиналған . Жалпы қаланың қайта түлеуімен тарихи жұмыстар да жанданды. Соның негізгісі — Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру. ЮНЕСКО-ның қызығушылығын тудырған ескі қала әлемдік музейлерден кем түспейді дейді мамандар. Қазба жұмыстары биыл аяқталуы тиіс. Сондай-ақ, Түркістанның жасына қатысты тартыс көп. Соңғы табылған жәдігерлер киелі мекеннің мың жарым емес, үш мың жылдық тарихы барын дәлелдеп отыр.
Қазір қала адам танымастай өзгерген, гүлденген. Әдемі ғимараттар, су бұрқақтар мұның бәрі екі-үш жыл бұрын жоқ еді. Елбасы барған Драма театры да бүгін алғашқы қойылымдарын қойды. 510 адамға арналған өнер ордасының ерекшелігі — әмбебаптығында. Хор труппасы, оркестр, балет, опера бәрі бір жерде.
Кітапханасыз тарихи мәдени орталық қайдан болсын?! Фараб ғылыми кітапханасында 480 мыңнан астам кітап қоры бар. Сирек кездесетін оқулықтар аз емес. Мәселен кесенеге жүргізілген ең алғашқы зерттеу жұмыстары жайлы жазбалар да осында сақтаулы.
Ал бұл ел азаматтарын ерекше қызықтырған «Керуен-сарай». Орталық Азиядағы ең ірі туристік кешен. Бір шақырымға созылған. Төрт мың адам жұмыс істейді. Жобаға салынған инвестиция көлемі 87 млрд теңге. Ерекше стильде салынған нысан Ұлы жібек жолындағы сауданы елестеді. Мұнда қонақ үйлер, мейрамханалар, фуд-кордтар, шығыс базары, қолөнершілер көшесі секілді сауда және ойын сауық орталықтары бар.
Иә, Түркістанның туристік әлеуеті зор. Оларға Ұлы дала елі және Қожа Ахмет Ясауи атындағы музейлер де қызмет көрсетіп жатыр. Қонақтарды қарсы алып, тау, тасы тарихқа бай өлкемен таныстыратын «Визит Центр» орталығы да салынған.
Пандемияға дейін Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауи мовзолейіне келушілер саны бір жарым миллион адам. Бұл көрсеткіштер осы екі үш жылдың ішінде екі үш есе өседі деген сеніміміз бар.
Осы сенімді ақтау үшін облысты дамытудың 2024 жылға дейінгі экономикалық-әлеуметтік бас жоспарына сәйкес бір жарым триллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Инвестиция да тартылып жатыр. Қаланың тарихи-мәдени орталығы шығыстық стильде көркейіп келеді. Бұл нысандардың кесенеден биік болмайтыны белгілі. Ал әкімшілік іскерлік орталықта 7,9, және 12 қабатты 89 тұрғын үй бой көтеруде. Құрылыстың 2050 жылға дейінгі жоспары бар.
Қаланың іші де жасыл желекке оранған. Тұңғыш Президент атындағы және Яссы саябақтары жайқалып келеді. Кесене жанында қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертетін этно ауыл да бой көтерген. Елбасы оларды да аралап көрді. Жалпы Түркістанның дамуы аймаққа оң әсер етіп жатыр. Соңғы үш жылда инвестиция көлемі екі жарым есеге ұлғайып, жіө 41%-ға артқан.
Осылайша Түркістан түркі әлемінің нағыз орталығына айналып келеді. Мәдени-рухани жауһары іспетті шаһар кемел шешіммен, келісті үлгімен, көркем өнегемен өркендей бермек. Алдағы міндеттер ауқымды. Жауапты шаруаны абыроймен жұмыла атқару керек деді Елбасы.