Қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысып, мүгедектігі бар ерекше балаларға арналған «Президент шыршасы» жаңа-жылдық іс-шарасына қатысты.
Шаһар басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан балаларды құттықтау сөзін жеткізіп, жаңа жылдық сыйлықтар үлестірді.
-Құрметті балалар, әрбіріңіз еліміздің ертеңі, жұртымыздың болашағы үшін қызмет ететін тұлға болуларыңызға шын жүректен тілектеспін . Бүгін мен сіздерге, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы аманатын жеткізгелі келіп отырмын. Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, баршаңызға бақыт тілеймін!-деді қала әкімі.
Әрмен қарай шара концерттік бағдарламаға ұласып, Аяз-ата мен Ақшақар, кештің басты кішкентай кейіпкерлері, ертегі мен жануарлар әлемінің кейіпіндегі костюмдер киген балғындар барлығы мерекелік көңіл-күйде жадырап ән шырқап, би биледі.
Бүгінде аталған орталықта жеке күтім және бақылауды қажет ететін 3 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға, жеке қажеттіліктерін ескере отырып, 8 бағыт бойынша заманауи жабдықтармен оңалту және емдеу жұмыстары жүргізіледі. Мекеме стационарлық жағдайда 130, жартылай стационарлық жағдайда 100 қызмет алушыға арналған. Сонымен қатар арнайы дене шынықтыру үшін 12 түрлі құрал-жабдық орнатылған емдік дене шынықтыру бөлмесі қаралған.
Айта кетейік, мұнда медициналық қызмет көрсетуден бөлек, емдік массаж, физиотерапиялық ем, психологиялық көмек, монтессори әдісі қолданылып, қызмет алушы әрбір балаға әлеуметтік-оңалту шаралары жүргізіледі. Өз кезегінде мерекелік іс-шараға жиналған ата-аналар тәулік бойы емдік қызмет көрсететін дәрігерлер мен әлеуметтік сала қызметкерлеріне ерекше балаларға жасап жатқан қамқорлығы үшін алғыс білдірді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі