«Біз шын мәнінде еңбекқор ұлт болуға ұмтылуымыз керек. Әлемде еңбексүйгіш халықтар аз емес. Бұл қасиет, тіпті, олардың болмысына сіңіп кеткен. Осы асыл қасиет біздің жұртымызға да тән болуы керек. Өйткені, халқымыздың қарым-қабілеті ешкімнен кем емес. Ұлтымызға қатысты айтылатын кейбір жағымсыз сипаттамалардан біз мүлдем арылуымыз қажет». Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деген болатын. Еңбекке етене жақын Шымкенттік тұрғындар үшін мемлекет басшысының бұл сөздері таңсық емес. Бүгінде Шымкентте 3400-ден аса шаруа қожалығы мен фермер бар. Оның ішінде 785-і мал шаруашылығымен, алтауы балық шаруашылығымен, төртеуі құс және 60 шаруа омарта (бал ара) шаруашылығымен айналысады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың Ұлттық жобасы аясында қалаға 12 индикатор бекітіліп берілген. Аталған көрсеткіштерге жету мақсатында бірқатар іс-шаралар биыл атқарылады.
Шымкентте 3400-ден аса шаруа қожалығы мен фермер бар. Оның ішінде 785-і мал шаруашылығымен, алтауы балық шаруашылығымен, төртеуі құс және 60 шаруа омарта (бал ара) шаруашылығымен айналысады. Бұл шаруашылықтардың негізгі мақсаты – қала халқын жергілікті жерде өндірілетін сапалы азық-түлікпен қамту үлесін арттыру.
– Қазір қала аумағында 81 елді мекенде 157 мыңға жуық мал және 50-ге жуық түрлі қайта өңдеуші кәсіпорын бар. Мұндай жоспарлардың мақсаты қала тұрғындарының табыстарын арттыруға және өмір сүру деңгейін жақсартуға көмектесу болып табылады. Сондай-ақ өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін шешу, қала халқын табиғи өнімдермен үздіксіз қамтамасыз ету және қосымша жұмыс орындарын ашу көзделуде. Былтыр ауыл шаруашылығы дақылдары 27,5 мың га құраса, биыл қалада егістік жерлердің мақсаты құрылыс бағытына өзгеруіне байланысты 26,5 мың га жетіп, өнімділік 86,0 мың тоннаны құрайтын болады. Оның 11 мың гектарға жуығы – дәнді дақылдар. Малазықтық дақылдар – 9,0 мың га, көкөніс пен бақша – 3,1 мың га, майлы дақылдар – 3,0 мың га, картоп – 0,5 мың га егілді, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Талғат Мекамбаев.
Сонымен қатар, 2024 жылы өнімділікті арттыру мақсатында егін шауашылығы саласын мемлекеттік қолдауға жергілікті бюджеттен 143,2 млн теңге қаржы қаралған. Ол қаражат егіннің түгел шығынын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, тыңайтқыштарға – 122 млн тг, тұқым шаруашылығына – 20 млн тг, пестицидтерге – 600,0 мың тг, жылыжай шаруашылығына – 767,8 млн тг. Сондай-ақ, көктемгі егіс жұмыстарына 35,9 теңгеге жанар-жағармай бөлініп, толығымен үйлестірілген.