Жайылым мәселесі басты назарда

Жайылым мәселесі

Сайрам ауданында  халықтың негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. Осыған байланысты жайылымдық жерлерге деген сұраныс жыл өткен сайын артуда. Алайда жайылым жерлерінің тапшылығы, олардың бірқатар жеке тұлғалар қолында шоғырлануы және дұрыс пайдаланылмауы ауыл тұрғындарының ортақ мүддесіне қайшы келіп отыр. Ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылымдық жерлерді ортақ пайдалану жұмыстары жалғасуда.

Осы орайда аудан әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте осы маңызды мәселе кеңінен талқыланды. Мәжілісте аудандық жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Рамазан Ажибеков аудан аумағындағы жайылымдық жерлерді ортақ пайдалану мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Аудан аумағындағы жайылымдық жерлердің көлемі мен олардың қазіргі жағдайы егжей-тегжейлі қарастырылды. 2022-2024 жылдар аралығында жалпы 9 971 гектар жер ортақ жайылымға қайтарылуы тиіс. Қазіргі таңда осы аумақтың 5 433 гектары мемлекет мұқтажына қайтарылып, жұмыс жалғасуда.

Арман Сабитов өз сөзінде, осы бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін жұмыс процесін жүйелеп, қарқын беруді тапсырды. Тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне нақты міндеттер жүктелді.

Жалпы, ортақ жайылымдар аудан тұрғындарына, мал шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқарады. Аудан әкімі бұл мәселеге аса мән беріп, барлық жауапты тұлғалардан жоғары тиімділік талап етуде.

Алдағы уақытта жайылым жерлерді қайтару жұмыстары бойынша одан әрі жүйеленген шаралар қабылданады. Аудан тұрғындары мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары үшін бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі маңызды болып қалмақ.

Сонымен қатар, мәжілісте аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық, ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімшесінің басшысы Ж.Саутбек облыс әкімдігі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.

Аталған тапсырмалардың кейбірі орындалу сатысында болса, бірқатары нақты бақылауды қажет етеді. Осыған байланысты, аудан әкімі Арман Сабитов әрбір бағыт бойынша тиісті сала басшылары мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды.

Жайылым – ауыл өмірінің негізі. Оны әділ әрі ұтымды пайдаланудың арқасында ауыл шаруашылығы дами түседі, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарады. Сайрам ауданында бұл бағытта қолға алынған жұмыстар әлі де жетілдіруді қажет етеді. Ең бастысы – әрбір тұрғын ортақ жерге ортақ жауапкершілікпен қарап, табиғи ресурсты ұрпаққа аманат етуге атсалысуы қажет.