2024 жылғы 12 қарашада Жамбыл облысының полиция департаменті прокуратурамен бірлесе отырып, интернет алаяқтықтың алдын алу және онымен күрес тиімділігін арттыру мақсатында «CYBER SHEKTEU TARAZ» телеграм-ботын таныстырды.
Телеграм-бот интернеттегі алаяқтық әрекеттерді анықтауда азаматтардың жедел ақпарат беруіне мүмкіндік жасайды. Оның негізгі мақсаты – интернет алаяқтықтың алдын алу, жолын кесу және бұл қылмыстарды ашу барысында мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту.
Платформаның функционалы арқылы азаматтар келесі ақпараттарды жолдай алады:
қатерлі интернет сілтемелер;
алаяқтардың ұялы телефон нөмірлері;
әлеуметтік желілер мен маркетплейстердегі жалған жарнамалар.
Бұл ақпараттар «Кибернадзор» жүйесіне енгізіліп, алаяқтық әрекеттердің бұғатталуын және олардың басқа қылмыстарға қатыстылығын тексеруді қамтамасыз етеді. Құқық қорғау органдары түскен мәліметтерді жедел түрде тексеруге кіріседі.
Халықтың ыңғайлылығы үшін ботқа қосылу реті көрсетілген нұсқаулық видео және QR-код арқылы жылдам қосылу мүмкіндігі ұсынылған.
Жамбыл облысының полиция департаменті азаматтарды интернет алаяқтықпен күреске белсенді түрде атсалысуға және қылмыстық әрекеттерге нөлдік төзімділік танытуға шақырады.