Жамбылдық полицейлер блогерді жауапқа тартты

блогерді

Тараз қаласында блогердің бейнеролик түсірілімі «лайкпен» емес, полициямен жүздесумен аяқталды. Әлеуметтік желілерді бақылау кезінде Жамбыл облысының полицейлері қаланың орталық көшелерінің бірінде қауіпті маневрлер жасап, өзіне ғана емес, айналасындағыларға да қауіп төндіретін бейнетүсірілімді анықтады. Белгілі болғандай, жас жігіт басқалардың қауіпсіздігін елемей, өз парақшасына «контент» түсірген.

Полиция жедел түрде жүргізушінің жеке басын анықтап, оны жауапқа тартты. Құқық бұзушыға қатысты қарсы жолаққа шыққаны, жол жамылғысын зақымдағаны және маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Сонымен қатар, блогер 6 айға көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Автокөлік айып тұрағына қойылды.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жол қауіпсіздігін бақылауды жалғастыруда және азаматтарды жол ережелерін өрескел бұзу жағдайлары туралы полицияға хабарлауға шақырады. Ережелерді сақтау – Сіздің және басқалардың қауіпсіздігінің кепілі! Есіңізде болсын: өмір – ол қайта түсіруге болатын «контент» емес.