Жамбыл облысында полицейлер 66 келі есірткіні тасымалдау әрекетін тоқтатты

Жамбыл облысында полицейлер 66 келі есірткіні тасымалдау әрекетін тоқтатты

«Қарасора-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және патрульдік полиция қызметкерлері «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 583-шақырымында «Ауди-100» маркалы автокөлікті тоқтатты.

Көлікте көрші облыстардың екі тұрғыны – жүргізуші мен жолаушы болған. Қызметтік ит Баронның көмегімен көлікті тексеру кезінде артқы орындықтан 3 қап, ал жүк салғыштан ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған 9 қап табылды.

Сараптама нәтижесінде алынған заттың жалпы салмағы 66 келі болатын «кептірілген марихуана» есірткі заты екені анықталды.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігімен(Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату) сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ер адамдар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ұстау облыстық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілді.

Құқық қорғау органдары есірткі заттарының заңсыз айналымына тосқауыл қою жұмыстарын жалғастыруда және мұндай қылмыстарға қатысуға жол берілмейтінін ескертеді.