Ағымдағы жылғы 1 маусым мен 31 қазан аралығында Жамбыл облысының аумағында есірткіні дайындау, тасымалдау деректерін анықтау және жолын кесу мақсатында «Қарасора-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов жедел алдын алу іс-шарасы басталғанға дейін бірнеше күн бұрын осындай кең ауқымды іс-шараға дайындық мәселелері бойынша Шу ауданында кеңес өткенін айтты. Алға қойылған міндеттер анықталып, жедел іс-қимылдарды ұйымдастыру бойынша нұсқаулар берілген. Жұмысқа барлық ведомстволық құрылымдар жұмылдырылған.
— «Жыл сайын полицейлер Жамбыл облысының құмды аймақтарынан басқа өңірлерге жабайы қарасораны шығару арналарын жабу бойынша операциялар жүргізеді» — деді Ж. Сүлейменов.
Өткен жылы «Қарасора-2020» жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысы бойынша 574 есірткі құқық бұзушылығы анықталды, оның ішінде 139 дерек – есірткі қылмысы, 435 – қылмыстық теріс қылық. Есірткі қылмыстарының ішінде есірткіні өткізудің – 73 дерегі, 38 – аса ірі мөлшерде сақтау, 3 – есірткі контрабандасы және 25 құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан 2 тонна 867 келі түрлі есірткі құралдары тәркіленді.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен жергілікті атқарушы биліктің өкілдері бірлесіп, есірткіні өртеу, шабу, жерді аудару, сондай-ақ улы химикаттарды қолдану жолымен жою шараларын тұрақты негізде жүзеге асыруда.
Полиция генерал-майоры, сонымен қатар, есірткі бизнесіне қарсы күрес – алдын алу, ақпараттық алаңға мониторинг жүргізу, граффити-жазбаларды жою секілді тағы бірнеше бағытта жүргізілетінін атап өтті.