Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин
— Арманбек Хәкімбекұлы, Жамбыл облысындағы криминогендік ахуалға тоқталсаңыз, қай қылмыс түрлері азайып, қай қылмыс түрлері көбейді?
— Жалпы, облысымызда қылмыстық ахуал тұрақты десек болады. Біздің ұжымның бірлескен үйлесімді жұмысының нәтижесінде қылмыс деңгейінің төмендеуіне қол жеткіздік. Жыл басынан бері қабылданған шаралардың қорытындысымен өңірімізде қылмыстар саны 30 пайызға азайды. Ауыр және аса ауыр қылмыстар азайып, олардың ашылу көрсеткіші артты. Кісі өлтіру, қарақшылық, алаяқтық, интернет-алаяқтық, мал ұрлығы, пәтер ұрлығы, қалта ұрлығы, денсаулыққа ауыр зиян келтіру секілді тағы басқа қылмыс түрлерінің төмендеуі байқалады. Оң нәтижелердің қатарында қоғамдық орындарда жасалған және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың азайғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, облыс аумағында ұзақ уақыт бойы әрекет етіп келген бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолы кесілді.
Өткен жылы біздің барлық күш-құралдарымыз қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен ғимараттарды қалпына келтіріп, жеке құрамның жұмыс жағдайын жасауға, ұрланған қаруларды іздеп, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталды. Полиция департаментінің ғимараты толық күрделі жөндеуден өтті, қызметкерлерге арналған кеңсе жиһаздары және керекті техникамен қамтамасыз етілді. Түрлі қиындықтарға қарамастан, қылмыстардың ашылу көрсеткіші жылдан-жылға жақсаруда. Ауқымды іс-шаралар жасалуда, алдағы уақытта да басты міндет – заңдылық пен тәртіпті сақтау болып қала беретін болады. Нақты жоспар бар, мақсат айқын. Жүйелі жұмысты жалғастыра беретін боламыз.
— Полиция қызметіндегі цифрландыру бойынша Жамбылда қандай жаңашылдықтар орын алуда?
— Жамбыл облысының Полиция департаментінде цифрландыру саласын кезең-кезеңімен дамыту мәселелері күн тәртібінен түспеген. Полиция генерал-полковнигі Марат Мұратұлының айтуынша, барлық процестерді бюрократизациялау және цифрландыру біздің жүйемізді жетілдіруге, қылмыстың жасалу және өсу себептерін анықтауға, ескерту шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Бұл тұрғыда біздің полиция қызметкерлері 1541 бірлік радиостанциямен жабдықталған, бұл жарақтандырудың 93,5% құрайды. Сондай-ақ, 142 дана автомобильдік бейнетіркегішпен қамтамасыз етілді.
Жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі жақсарып, барлық керекті құралдармен қамтылған. Оның ішінде қызметтік автокөлікпен жүз пайыз қамтамасыз етіліп, оргтехникамен толық жабдықталды. Ішкі істер органдарын дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған Жол картасы іс-шараларын іске асыру барысында былтырғы жылы жергілікті полиция қызметі 231 компьютерлік техникамен жарақтандырылды.
Бүгінгі күнге департаментімізде Әкімшілік құқық бұзушылықтың бірыңғай тізілімі (ЕРАП) жүйесіне арналған 932 дана мобильді планшеттер мен термопринтерлер бар. Ағымдағы жылы тағы 104 осындай құрылғылар алуды жоспарлап отырмыз. Сонда барлық қызметкеріміз толық көлемде қамтамасыз етілетін болады.
Қазіргі таңда облыс орталығы аумағында Жедел басқару орталығының серверіне 210 бейнебақылау камерасы қосылған, қоғамдық қауіпсіздікті талдау функциясы бар қосымша 100 камера орнатылған және біздің орталыққа шығарылған. Бейнебақылау операторларына 10 автоматтандырылған жаңа жұмыс орны бекітілді. «Қазақтелеком» АҚ «Бұлтты бейнебақылау» бағдарламасы аясында Тараз қаласы бойынша 180 көп пәтерлі тұрғын үйдің 1140 кіреберісіне 2280 бейнебақылау камерасы орнатылды. Сонымен қатар облыстың барлық 443 мектебі бейнекамералармен, 128 дабыл түймелерімен қамтамасыз етілген.
«Қауіпсіз қала, жол қозғалысын талдау мен қауіпсіздіктің зияткерлік жүйесі» жобасы бойынша қала аумағында 1250 бейнебақылау камерасы қойылды. Ағымдағы жылы талдау функциясы бар тағы 300 бейнебақылау камерасын алу жоспары бар. Себебі көшелер мен қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтардың шамамен 70 пайызы сыртқы бақылау камераларының көмегімен «ізі суымай» ашылады.
Мұның бәрі жергілікті халықтың қауіпсіздігі мақсатында полиция қызметкерлерінің қойылған міндеттерді тиімді атқаруына ықпал етеді. Сол себепті осындай оңтайлы жағдайларды жасап отыруды естен шығармауымыз қажет.
— Жамбыл облысындағы ең бір өзекті мәселенің бірі – есірткі сорасы. Қазір тіпті синтетикалық есірткілердің жасөспірімдер арасында таралуы кең етек алды. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес мәселесіне тоқталсаңыз?
— Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында есірткі қылмысын еліміздегі өзекті мәселелердің бірі ретінде атап өтіп, әсіресе оның жастар арасында белең алуына қарсы күрес жүргізуді күшейтуді тапсырды. Қазіргі таңда есірткімен күрес құқық қорғау органдары жұмысының аса маңызды салаларының біріне айналып отыр. Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін есірткі заттарының таралуына барынша тосқауыл қою мәселесі ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың қатаң бақылауында.
Осы тұрғыда Жамбыл облысының Полиция департаментімен тұрақты негізде түрлі жедел-профилактикалық іс-шаралар атқарылуда. ІІМ басшылығы қойған міндеттерді орындау мақсатында есірткі қылмысын анықтау және жолын кесу стратегиясы жетілдірілуде. Бұл ретте 2023-2025 жылдарға арналған есірткі бизнесіне қарсы күрестің ведомствоаралық ауқымды кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері 120 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Есірткі қылмысының 42 дерегі анықталды.
Шу алқабы жабайы қарасораның ең көп өсетін үлкен аумағы болуына байланысты негізгі есірткі қауіптерінің бірі болып табылады. Сондықтан есірткі жеткізу арналарын анықтап, жою, оларды біздің өңірімізден дайындап әкетуге қарсы іс-қимылды күшейту әрдайым назардан тыс қалмаған.
Жуырда ғана Тәжікстан Республикасынан есірткі транзитімен келетін «героинді» облыс аумағына жеткізу арнасы тоқтатылды. Арнайы операция барысында облыс аумағында есірткінің аса ауыр түрін өткізумен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Топтың барлық мүшелері құрықталып, оның ішінде 25 аса ауыр есірткі қылмысын жасаған 5 адам ұсталды.
Өзіңіз атап өткендей, соңғы кездері жастар арасында белең алған синтетикалық есірткі құралын өткізумен айналысқан үш Тараз тұрғыны ұсталды. Олардан жалпы салмағы 32 грамм болатын сату үшін дайындап қойған 85 дана синтетикалық есірткі орамы табылып, тәркіленді.
Қылмыстардың жолын кесумен қатар, оның алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмауда. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мекемесімен бірлесіп 100-ден астам «граффити» жазбалары өшірілді. Сондай-ақ, интернет желілерін шолу нәтижесінде есірткіні насихаттаумен айналысатын 28 аккаунт анықталып, бұғатталды.
Білім беру ұйымдарының студенттері арасында спорттық шаралар, семинар, дөңгелек үстел, кездесулер және тағы да басқа небәрі екі айдың ішінде 70-ке жуық профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Мұның бәрі жастарымыздың санасына есірткі қолданудан бас тарту дағдысын қалыптастыру мақсатында жасалуда. Ортақ күш салудың нәтижесінде ғана біз бұл індеттің түп-тамырына тереңінен бойлап қарсы тұра аламыз. Себебі, нашақорлық және есірткі бизнесі – ол бүкіл әлемде кең тараған өткір әлеуметтік мәселе. Онымен бүкіл қоғам болып күресу керек.
— Жамбыл облысының бойындағы күре жолдарда жол-көлік оқиғасының жиі болатыны жұртты қатты алаңдатып отырғанын жақсы білесіз. Өлім-жітім де көп. Осы өзекті мәселені оңтайлы шешу, жол-көлік оқиғаларын азайту бағытында қандай қам-қарекет бар?
— Иә, өткен жылы жолдағы апаттылық мәселесі біздің өңір үшін өзекті, күрделі мәселе болды. 2022 жылдың қорытындысымен жол-көлік оқиғалары 15 пайызға өскен болатын. Алайда тереңдетілген талдау жүргізіліп, проблеманы шешудің әртүрлі әдістері қаралды. Жедел шаралар қабылданып, профилактикалық жұмыстарды күшейттік. Соның нәтижесінде осы жылдың бірінші тоқсанында жол-көлік оқиғаларының 13,2 пайызға төмендеуіне қол жеткіздік. Онда қаза болғандар 38,1 пайызға, жарақат алғандар саны 19,8 пайызға төмендеді.
Бұл бағытта патрульдік экипаждардың орналасуы толығымен қайта қаралды, олардың тығыздығы артты. Ұзындығы 450 шақырымды құрайтын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолында 88 полиция қызметкері 38 қызметтік автокөлікпен көлік колонналарын сүйемелдеуді жүзеге асыра бастады. Бұл шаралар ауыр зардаптар туындататын жол апаттарының санын айтарлықтай азайтуға септігін тигізді.
Сондай-ақ, жол қозғалысын қадағалауды жүзеге асыратын ақпараттық технологияларды енгізу жолдарын қарастырдық. Тараз қаласы мен облыс аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда 60 «Автоураган» кешені, қала бойынша 3 «ИНТЕГРА» зияткерлік қиылысы және 48 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешеніорнатылды. Республикалық маңызы бар автожолдарда 10 «Арқан» мобильдік кешені жұмыс жасауда.
Республикалық және облыстық трассаларда жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысын қадағалау мен бақылаудың байланыссыз әдістерін енгізу бойынша АҚШ тәжірибесінің мысалында 10 «АвтоСканАр» мобильді кешені алынып, қызметтік автокөліктерге орнатылды. Тағы қосымша 10 мобильді кешен алу жоспарлануда. Себебі мұндай жүйелерді орнату жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыруға, өңірдегі апаттылық көрсеткіштерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сұхбаттасқан Гауһарай ЕСІМОВА
Астана – Жамбыл – Астана