Арзан көлік аламын деп, алаяққа алданды

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, танысына сеніп ақша беріп, соңында сан соғып қалғанын хабарлайды. Жас жігіттің айтуынша, оның көлік алып-сатумен айналысатын танысы Алматы қаласындағы ломбардтардың бірінен арзан бағада «Hyundai Elantra» маркалы автокөлігін 3 500 000 миллион теңгеге алып беремін деп әбден сеніміне кірген. Содан тұрғын 2 миллион теңгені қолма-қол, қалғанын банктердің мобильді қосымшалары арқылы берген. Бес айға жуық көлігін күткен тұрғын, ақыр соңында ақшасын да ала алмай қалған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. Хабар алысымен келестік қырағы полицейлер, жәбірленушінің жауабына сәйкес күдіктінің жеке-басын анықтау, оны ұстау шараларын шұғыл жүргізді. Үш күн бойы үзіліссіз қажетті іс-шараларды атқарып, нәтижесінде күдіктіні Шымкент қаласынан ұстады. Ол мегаполистің тұрғыны, жас жігіт болып шықты. Белгілі болғандай алаяқ ер адам, тұрғыннан алдап алған ақшаны өзінің бас пайдасы үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары Келес АПБ-мен жүргізілуде. Күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болуды, жақын таныс емес азаматтарға сенім білдірмеуге кеңес береді. Мал-мүлік, тауар үшін алдын ала төлем жасамаңыздар. Алаяқтардың арбауына ермеңіздер. Егер, осындай алаяқтық қылмысының құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.

ТО ПД баспасөз қызметі