Бүгін Жамбыл облысы Полиция департаментінің мұражайында Қазақстан Республикасының бұрынғы Ішкі істер министрі, Құрметті ардагер, ҚР ІІМ-нің Еңбек сіңірген қызметкері, 2020 жылдың мамырында өмірден өткен милиция генерал-полковнигі Владимир Георгиевич Шумовтың туғанына 80 жыл толуына арналған экспозиция ашылды.
Жамбыл облысының ПД бастығы полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов ашылу салтанатына құрметті қонақтар – В.Г.Шумовтың отбасы — жұбайы Наталья Николаевна, ұлы Андрей, қызы Елена және оның жұбайы Олег, ІІО ардагерлері мен жас полиция қызметкерлері қатысқанын xабарлады.
1965 жылы ол милиция қатарындағы қызметін Жамбыл облысының Қаратау қалалық Ішкі істер бөліміндегі қылмыстық-іздестіру қызметінің жедел уәкілі лауазымынан бастады. Содан кейін Меркі ауданы Ойтал кенті және Жаңатас қаласының милициясын басқарды, Жамбыл және Семей облыстары Ішкі істер басқармалары бастықтарының орынбасары, Орал облысының ІІБ бастығы болып тағайындалды.
1992 жылы Тәуелсіз Қазақстанның Ішкі істер министрі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды.
Отбасымен Ресейге қоныс аударғаннан кейін ішкі қызметтің генерал-полковнигі В.Г. Шумов 1994 жылдан 2012 жылға дейін ІІМ жүйесінде де, Ресей Федерациясы Президентінің аппаратында да жоғары лауазымды қызметтер атқарды.
Іс-шараға жиналғандар алдында сөз сөйлеген оның ұлы Андрей мен жұбайы Наталья Николаевна Владимир Георгиевичті еске алғаны және осындай құрмет көрсеткені үшін Полиция департаментінің басшылығына, жеке құрамға өз ризашылықтарын білдірді.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің мұражайында ҚР экс-ішкі істер министрі В.Г. Шумовты еске алу бұрышы оның отбасы берген кейбір жәдігерлермен толықтырылды.
— Жаңа экспозиция мұражайда лайықты орын алып, қазақстандық жас буын үшін тарихи мұра, Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып қалады, — деп атап өтті Жанат Сүлейменов.
ЖО ПД баспасөз қызметі